Павлодар тұрғындарына шыбын-шіркей маза бермей жатыр
Жұрт қансорғыштардан қорғану үшін денеге арнайы май жағып, тіпті көшеде бет-аузын тұмшалап жүруге мәжбүр. Биыл өңірде қаптаған қара масаны улауға 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Жұмыс мамыр айында басталғанымен, мамандардың әлі шамасы жетер емес.
Автор: Әйгерім Шакаманова
02.06.2017
Қаптаған шыбын-шіркейдің азабын әсіресе көшеде автобус күткен жұрт көреді. Бірі жәндіктерді орамалмен үркітсе, енді бірі маңайдағы ағаш бұтақтарын жұлып қуып жүр. Масаға әбден таланған тұрғындар мәселені уақытында қолға алмаған шаһар басшылығына өкіпелі.
Шоқан Жексенбаев, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Шыбын шіркейге былтыр да бәленбай миллион ақша жіберді, биыл да қанша миллион ақша жіберді. Түк нәтиже жоқ. Маса тура далаға шыға алмайсың.
Ал үйлері Ертіске жақын орналасқан тұрғындар кешқұрым тіпті көшеге шығып, қыдырудан да қалған. Бүгін өзен жағасында сабақ алулары тиіс көркемсурет мектебінің оқушыларын, қаптаған қара маса әп-сәтте талап тастады. Әбден мезі болған жеткіншектер ақыры заттарын жинап, қашқан.
Людмила Буркунова, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Дәріханадан екі сағатқа дейін әсер ететін кремдерді сатып аламыз. Бірақ, олардың көмегі шамалы. Мына қансорғыштар бала түгілі, ересектерді де әбден мезі қылды.
Қаптаған маса аудан жұртының да мазасын қашырған. Ондағы тұрғындар бақшаға көкөніс егу үшін бет-аузын тұмшалап шығуға мәжбүр. Ал мамандар мәселенің бұлай ушығуына толассыз жауған жаңбыр себеп дейді. Биыл аймақтағы шыбын-шіркейді улауға 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айта кетейік. Бұл сомаға 200 литрге жуық дәрі алған шенеуніктер мәселе жақын арада шешіледі деп отыр.
Ерлан Тұргелдінов, Павлодар облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Олар ешқашан уланбаған өзен алқаптарынан келіп жатыр. Биыл Ертіс осыдан 16 жыл бұрынғыдай қатты тасыды. Өзен алқабының 90 пайызына, яғни 338 мың гектар аумаққа су жайылған. Десе де, екі аптаның ішінде жағдай түзелуі тиіс.
Өңірде шыбын-шіркейді улау жұмыстары мамыр айының ортасында басталған. Ертіске төгілген арнайы биопрепарат мұндағы қансорғыштарды түгел жояды деген еді мамандар. Алайда, былтырғымен салыстырғанда 4 есе көп қаржы бөлінген іс әзірге сол нәтижені бермей жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!