Шымкентте 7 айдан бері жалақы алмаған жұмысшылар шу шығарды
Мемлекеттік бағдарламамен 22 көп қабатты үйді салып жатқандар осылай деп дау шығарды. Айтуларынша, бас мердігер «Қазхайтек евро билдинг» компаниясы жұмысшыларына былтырғы қараша айынан бері жалақы төлеуді қойған. Ал, мекеме басшылары бұған тапсырыс беруші "Самұрық-Қазына" қорын кінәләп отыр.
Автор: Бек Әбиев
05.06.2017
Шымкент шетінде салынып жатқан 5 қабатты 22 үйдің құрылысы Самұрық-Қазына қорының тапсырысымен 2 жыл бұрын басталған. Алайда, былтыр күзден бастап құрылысшыларға төленетін жалақы бірде берілмей, бірде азайып, ал қараша айынан бері мүлдем тоқтапты.
Алмас Базарбаев, жұмысшы:
- Кеңсеге барсаң күніге ертең дейді. Сонымен 7 ай өтті. Бастықтардың біреуі біреуіне сілтейді.
Мердігер «Қазхайтек еуро билдинг» компаниясы күзден бастап айлық кешіктіруді бастапты. Ал, 2 ай бұрын нысан «Дәуірбаев» деген өзге компанияға өтеді. Жүзден астам жұмысшыны ақысыз демалысқа шығара салған. Содан бері не жалақысы, не жұмысы жоқ жұртты қос компания бір-біріне сілтеумен келеді.
Полат Фазылов, жұмысшы:
-Бір-біріне сілтеп енді Дәуірбаевтан сұраңдар деп жатыр. Сөйтіп екі ортада сандалып жүрміз.
Ашынған жұмысшылар «Қазхайтек» мекемесіне бүгін тағы келген. Тек, бұл жолы күзетшілер есікті де ашқан жоқ. Қазіргі басшысы телефонға жауап бермейді. Орынбасары да қызметтен әлдеқашан кетіп қалғанмын деп, ашулы жұмысшыларға жарытып жауап айта алмады.
Ахметжан Сәбденов, Ахметжан Сәбденов, «Каз Hi Tech Euro Building» компаниясы директорының экс орынбасары:
- 25 миллиард тендерді ұтып алған. 4 фирма қосылып консорциумның ішінен. Ал, кейін жобаның бағасы 33 миллиард болып шықты. Сондықтан, үкімет бәрін тоқтатып тексеріп жатыр. "Самұрық" та бәрі кінәлі бұл жерде.
Қазіргі басшылық жүздесуге келмегенімен, жұмысшыларға телефонмен уәдені үйіп-төкті. Сөздеріне сенсек, жалақы осы айдан бастап берілмек. Бірақ, құрғақ уәдеге тойған жұмысшылар тобы Еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағым жазыпты. Енді борышкеркомпаниямен сотта жолықпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!