{metadescription}
Ақтөбе билігі былтырғы лаңкестік оқиға құрбандарын елеусіз қалдырды
Ақтөбе билігі былтырғы лаңкестік оқиға құрбандарын елеусіз қалдырды

Ақтөбе билігі былтырғы лаңкестік оқиға құрбандарын елеусіз қалдырды

Тура бір жыл бұрын болған қырғында қаза тапқандарды еске алуға ешқандай шара ұйымдастырылмапты. Ал лаңкестер басып алған қару-жарақ дүкендері жұмысын бір күнге тоқтатқан.

-2016 жылдың бесінші маусымы. Бұл датаны тек Ақтөбе жұрты емес, бүкіл Қазақстан ұмыта қойған жоқ. Тура бір жыл бұрын дәл осы күні содырлар сойқан салып, бүтін бір елді дүрліктірген болатын. 

Қару-жарақ саттатын сол «Паллада» дүкені бүгін жабық тұр. Былтыр жалдамалы пәтерге жиналған содырлар ең алдымен осында шабуыл жасаған. Дүкен сатушысы Андрей Максименконы өлтіріп, жедел шақыртуға барған Мерхан Тәжібаевқа да оқ атады. Сол күнгі оқиға марқұмдарың жақындарының ойынан жатса-тұрса кеткен емес. Кенжесінен айрылған Есенбай Тәжібаев қызметке кеткен ұлының қазасын сол атыс болған жерге барып естігенін айтады.

Есенбай Тәжібаев, М. Тәжібаевтың әкесі:

- Мерханның оққа ұшқанын айта алмай жүріпті. Сол арада шашыңды жұласың ба? Сондай күй кешесің. Қайтесің енді?

«Паллада» дүкенінен шыққан содырлар екіге бөлінеді. Бірі әскери бөлімді бетке алса, екіншісі қару-жарақ сататын «Пантераға» қарай кеткен болатын. Бұл дүкеннің де есігінде бүгін құлып тұр. Есеп-қисап үшін жаптық деген ескерту іліп қойыпты. Былтыр мұнда қармақ сатып алуға келген Михаил Моторсов содырлар қолынан қаза тапқан. Ал есік алдында тұрған тағы бір тұрғын Николай Онищенконы әйелінің өзінше атып тастаған еді. 

Галина Онищенко, Н. Онищенконың жесірі:

-Жақыныңнан айрылған қиын. Бірақ өлгеннің артынан өлмек жоқ. Дос-жаран, тума-туыс басу айтып, қолдағанмен азаматыңның орны ойсырап тұрады. 46 жыл отасқан азаматымнан айырылып қалдым. 

Ал лаңкестердің екінші тобы 6655 әскери бөліміне басып кірген. Атыс кезінде әскери қызметкер Берік Қалиев, майор Даниэль Майлыбаев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза тапты. 18 содырдың көзі жойылып, 9 лаңкес ұсталды. Солардың жетеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын айта кетейік. Содырлардың сойылын соғып, бірақ жарты жолдан қайтқан тағы екі жігіт 20 жыл түрмеде отырады. Ал қарулы қақтығыс туралы біле тұра үндемей қалған 18 адам 2 жылдан 5 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылған болатын.

Бұл оқиға талай былықтың бетін ашты. Дереу «Терроризм туралы» заң қолға алынып, салафизмнің етегін кеңге жайғаны айтыла бастады. Қазір бір Ақтөбенің өзінде жиһад десе өре тұруға дайын мың жарым адам бар екен. Дегенмен, қауіпсіздікті сақтай алмаған ешбір басшы, тек қызметтерін ауыстырғаны болмаса, жазаға тартылған емес.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде