Атамқұлов қазақ жерін гептилден құтқаруға уәде етті
Қазақстан 2025-ші жылы улы гептилден біржола құтылады. Мәжілісте 8 ай жұмысының алғашқы қортындысын жасаған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бүгін осылай деді. "Протонның" орнына енді экологиялық зияны аз, қауіпсіз отынмен ұшатын «Самұрық» зымырандары келмек. Алайда аты қазақша болғанымен оның да заты орыс. Болашақ зымыранның өзін ресейліктер, ал жердегі қондырғысын отандық мамандар жасап жатыр. Десе де, Бейбіт Атамқұловтың жаңа зымыранның қауіпсіз боларына сенімі мол.
Автор: Азамат Алдоңғаров
05.06.2017
-Атамқұловтың Мәжіліс холлында арнайы жайған көрмесіне санаулы депутат қана келді. Халық қалаулыларына арналған ашық сабақты жаңа министрліктің өкілдері Қазақстанның спутниктерін таныстырудан бастады.
Бірақ депутаттарға жер серіктері қызық емес сынды. "ҚазСаттың" ойыншық көшірмесін Серік Сәпиев те аса жақтырмағандай. Бір бұрышта халық қаһарманы Айдын Айымбетовтың ғарышқа барған скафандры да көрермен күтіп, елеусіз тұр. Депутаттарды ғарышкердің не кигенінен, не ішкені көбірек қызықтырса керек.
-Шай,кофе, шырын! Қайсысын ішесіз?
Отырыстың өзі Бейбіт Атамқұловтың ұзақ баяндамасынан басталды. Мәжіліске бірінші рет келген соң, депутаттар министрге өзге әріптестерінен көбірек көсілуге ерік берген екен. Баяндамаға сенсек, Қазақстан бүгін-ертең көкке емін-еркін саяхаттай алатын, ғарыш державасына айналмақ. Алайда халық қалаулыларын жалаң жоспардан, нақты нәтиже қызықтырады.
Мұрат Теміржанов, Мәжіліс депутаты:
-Өзіміздің спутниктер бола тұра, әлі күнге шетелдік технологияларға ауыз ашып қарап отырмыз. Яндекс карта, гугл картаға әлі тәуелдіміз. Отандық геокарталардың күні қашан туады, туа ма өзі?
Қазақстанның ғарыштан алатын ақпаратының 99 пайызы өз спутниктерімізден келеді деген министр, отандық аэроғарыштың әлдеқашан геокарта жасауға қауқарлы екенін айтты. Мәселе тек бағдарлама жазатын ІТ технологтарға қарап тұрса керек. Министр бүгін Протонның соңғы апатынан келген экологиялық шығынды да Ресейдің өтемейтінін ақыры мойындады.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Гептил Байқоңырдың өз басында төгілді. Барлық залалсыздандыру жұмыстарын Ресей өзіне тиесілі аумақта жүргізді. Сондықтан бұл мәселе жабылды. Оның үстіне олар бізге гептилдің зиянын зерттеуге ақша бөлді. Біздің тарап оған 10 бағдарлама бойынша сараптама жүргізіп жатыр.
Көршіміз осылайша зерттеңдер деп ауызбастырық беріп, Протонын ұшыруын жалғастыра бермек. 2021 жылға дейін Байқоңырдан жыл сайын жеті кеме гептилмен көкке көтеріліп, бара-бара Қазақстан 2025 жылы бұл отыннан біржола құтылады деді министр. Алайда оны да тағы сол Ресей жасайды. "Самұрық" деп қазақшалған болашақ зымыранның құны 750 миллион доллар.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Біз болашақ зымыранның тек жердегі қондырғыларын жасаймыз. Бұл экологиялық таза, коммерциялық ракета. Болашақта кемелерді тұрақты түрде орбитаға жеткізіп тұрады.
Ал отандық аэроғарыш саласының әзірге қолда бар жалғыз жетістігі электронды білезіктер. Жеңіл қылмыспен сотталған азаматтарды түрмеге қамамай, бостандықта бақылап отыруға мүмкіндік берген төл өнім қазір Ішкі істер министрлігінің 60 күндік сынағында. Сынақтан сүрінбей өтсе білезіктер жаппай қолданысқа түспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!