{metadescription}
Атышулы Үсенов демалыстан елге оралған бойда әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін
Атышулы Үсенов демалыстан елге оралған бойда әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін

Атышулы Үсенов демалыстан елге оралған бойда әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін

Үсенов енді ұшақта шатақ шығарды. Жол апатына себепкер болса да, жазадан сытылған атышулы бай баласы Алматыдан Бангкокқа қарай бет алған стюардессаларға қырғидай тиісіп, экипаждың әбден мазасын қашырыпты. Тәртіпке бағынғысы келмеген жігіт, тіпті бортта темекі шегіпті. Дөрекі жолаушыны экипаж Таиланд астанасына қонған бетті полицияға ұстатып жіберген екен. Алайда, қалталы дөкей мұнда да ретін тауып, жауаптан сытылып кеткен. 

Бұл жігітті елде танымайтын адам кемде-кем. Адам қағып өлтірсе де, жазадан жеңіл құтылған атышулы Мақсат Үсенов енді тас жолды қойып, әуеде шатақ шығарып жүр.  Стюардессаға доқ көрсетіп тұрған Үсеновты қасындағы жолаушылардың бірі түсіріп алған. Павел Коктышевтың айтуынша, бай баласы бортта білгенін істепті. Түтіндетіп темекі шегіп, Бангкокқа жеткенше әркімге бір тиіскен.

Павел Коктышев, оқиға куәгері:

-Үсенов стюардессамен өте дөрекі сөйлесті. Әрлі-беріп жүріп, айқайлап, ешкімге маза бермеді. Тіпті, ұйықтап жатқан жолаушылардың бірімен ойнап, келеке қылды.Ұшақ қонып жатқанда да сабасына түскен жоқ. Әбден ашуымызға тиіп бітті.

Тентек жолаушыдан ығыры шыққан экипаж қонған бетті оны Таиланд полициясына ұстатып жіберген. Осы ел арқылы транзитпен ұшқан Үсеновты Вьетнамға жібермей, кері қайтару мәселесі де қозғалыпты. Алайда, жауапкершіліктен жеңіл құтылудың жолын білетін жігіт мұнда да ретін тауып, сапарын ары қарай жалғастырған.

Ұшақтағылардың әбден мазасын алған Үсеновты Таиланд полициясы жазаға тартпағанымен, елде жауапқа тартуы мүмкін. Өйткені, онымен бірге 6 жарым сағат ұшқан жолаушы Павел Коктышев прокуратураға шағым жазғалы отыр. Яғни, басқалардың қауіпсіздігі мен тыныштығын бұзып, бортта боқтап, білгенін істеген тентекті келесіде халықаралық тұрмақ, Қазақстан ішінде ұшуына тыйым салуды сұрамақшы.

 «Эйр Астана»-дағылар бұған кірісіп те кеткен екен. Экипажға қоқан-лоқы көрсеткен Үсеновтың мәселесін қазір әуе компаниясының басшылығы қарап жатыр.      

Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана»АҚ менеджері:

-Бортта темекі шеккені үшін жолаушыларға 400 мың теңге айыппұл немесе 15 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін де жаза бар. Ол жолаушы «сүр тізімге» енгізілуі мүмкін. Оны алда компания президенті жиналыста шешетін болады.

Бетімен кеткендерді келесіде бортқа жолатқызбайтын «қара тізім» бар. Қазір онда 21 жолаушы тіркеліп тұр. Үсенов 22-ші болып толықтыруы мүмкін. Ал, қоғам белсенділері мұндай тентектерді тек Заңмен жазалауды ұсынды.

Жохар Өтебеков, адвокат:

-Үсенов жолаушыларға қауіп төндірді. Ондайларды қоғамнан аластату қажет. Бұл жолы енді ол жауапкершілікке тартылуы тиіс. Тым болмаса, «бұзақылық» бабымен жазалау қажет.

Мақсат Үсеновтың әкесінің де жемқорлық дауымен аты шыққан. Қажымұрат Үсенов ЭКСПО-ның ақшасын қалтаға басып, 2 жылға сотталған болатын. Алайда, отқа салса жанбайтын отбасы онда да рақымшылыққа ілігіп, оңай құтылған-ды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде