Петропавлда 150 отбасы паналап отырған жатақхана құлағалы тұр
Үш ай бұрын қабырғасы қақырай бастаған үйдің төбесі де сыр берген. Өмірлеріне алаңдаған кейбір тұрғындар бөлмелерін тастап, пәтер жалдап кетіпті. Ал жатақхананы жөндейміз деп кірпіштерін алып тастаған құрылысшылардан үш айдан бері хабар жоқ. Шенеуніктер болса, жұрт модернизациялау бағдарламасына қатысса ғана көмектесеміз деп отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
07.06.2017
Мына қирағалы тұрған жатақхананың салынғанына небары 35 жыл. 15 жыл бұрын ғимараттың балкондары ажырап, 2014-ші жылы бірінші қабаттың едені опырылып түсіпті. Ал биыл бесінші қабаттың қабырғасы шатырдағы плитадан ажырап, кірпіштер құлай бастаған.
Ермек Шүкенов, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Батареядан ағып жатыр деп ойладық.. 15-20 сантиметрге қисайып кеткен.
Сол жолы төтенше жағдай мамандарымен бірге өкпелерін қолдарына ұстап жетіп кеген шенділер тұрғындарға «бәрін бюджет есебінен тегін жөндеп береміз» деп уәдені үйіп-төгіп кеткен. Ертеңіне-ақ құрылысшыларды жіберіп, әрең ілініп тұрған кірпіштерді жоқ қылыпты.
Марат Нұрамшин, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Плиталар ажырап жатыр, қазір барамыз көрсетемін...
Жоғарыдан түсетін қысым шынында да төртінші қабаттағы плиталардың жігін қақыратқан. Үйіндінің астында қаламыз ба деп қорыққан бұл бөлмелердің иелері өзге жерге көшіп кетіпті. Мүмкіндігі жоқтары жандарын шүберекке түйіп, күнелтіп отыр. Жатақхаданағы жағдайды зерттеген шенділер болса, бәріне тұрғындардың өздері кінәлі дейді.
Николай Свистунов, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы :
-Уақытылы шатыр жөндемеген , суағарлар орнатпаған. Осының кесірінен кірпіштер дымқылданып қабырға қақырай бастаған. Қазір 20 миллион теңгеге жобалау сметалық құжаттар жасалды. Ғимараттың қабырғасын толығымен жаңасына ауыстыратын боламыз.
Тұрғындар толық келіссе, шенділер осы жазда кезектен тыс жөндеу жұмыстарын бастамақшы. Бірақ 20 миллионды көпсініп отырған халықтың бұл ұсынысқа келіспейтін түрі бар. Өйткені жатақхадағы 150 бөлменің көбінде жалға алушылар тұрады екен. Ал, үйді апаттық деп тануға, шенеуніктер жаңа пәтерлерге кетер қаржыны қымбатсынып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!