Астана өзгерткен ЭКСПО! Бас қала көрмеге қаншалықты дайын?
Күллі әлемнің назары Астанада! Небары екі күннен кейін ашылатын ЭКСПО көрмесіне орай мұнда қазір нағыз қарбалас. Әкімдік бас шаһарды жалтыратып жатыр. Ал, көрмеге қатысушы елдер соңғы әзірліктерін пысықтап, туристер мен қонақтардың алды Елордаға жетіп те алған.
Автор: Досжан Маратұлы
07.06.2017
-Соңғы күндері Астана адам танымастай өзгеріп жатыр. ЭКСПО-ға орай түрленіп жатқан бас қаланың жолдары жөнделіп, шаң басқан көшелердің де ажары кіріп қалды.
Әсіресе, көрме өтетін Есілдің сол жағалауын жалтырату үшін шенеуніктер барын салуда. Жылдамдатып гүл егіп, айналаны көгалдандырып тастаған. Ал, әуежай мен су жаңа «Нұрлы жол» вокзалының маңындағы алқам –салқамы шыққан саяжайларды жасыру үшін биік қоршаулар тұрғызылыпты.
Қала әкімдігі Астананың жыртығын жамап қана қоймай, «Болашақ энергиясы» деп ұрандатқан «Экспоға» қарсы күннен қуат алатын түрлі қондырғыларды орнатқан. Онда ұялы телефонды қуаттап алуға болады.
-Бұндайды бұрын көрмеп едік. Бұл прогресс.
Ал, «Экспо» қалашығында әлі де ұсақ-түйек жұмыстар жүруде. Десе де павильиондардың құрылысы толық аяқталып, онда жайғасқан қатысушы елдер соңғы дайындықтарын пысықтауда. Көрмені тамашалау үшін туристер мен қонақтардың алды келіп те алған.
Марк Шульц, Германия азаматы:
-Астанаға келмей тұрып, Шымкент пен Алматыда болдық. Елорданың жаңа, көрікті және инновациялық қала екені көрініп тұр.
Жалпы, «Экспоға» 2 миллионға жуық турист келеді деп күтілуде. Олардың еркін жүріп тұруы үшін арнайы автобус жолақтары көбейіп, қоғамдық көліктердің саны артып отыр.
Бекмырза Игенбердинов, Астана қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының төрағасы:
-Бір автобуспен жүз адамға дейін тасымалдауға болады. Ал, жеңіл көлік ары кетсе үш-төрт адамды ғана сыйдыра алады. Сондықтан арнайы жолақтарды арттырдық. Соның арқасында жұрт кептелісте тұрмай Астананы аралай алады.
Ал, төрткүл дүние көз тіккен «Экспо» екі күннен кейін ашылады. Бірақ, алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қатысуымен үлкен жиын өтпек. Кейін осы мемлекет басшылары жұрт асыға күткен көрменің ашылу салтанатына қатысады. Оны отандық телеарналар тікелей эфирден көрсететін болады. Ал, 10-шы маусымнан бастап туристер мен қонақтар үш ай бойы түрлі елдердің павильондарын аралап, концерт пен қойылымдарды тамашалай алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!