Алматы соты Әблязов пен оның сыбайластарына ұрлаған 20 триллион теңгені қайтаруға міндеттеді
Сырттай сотталып тынды! Бүгін Алматы соты 8 жыл бойы тергелген Мұхтар Әблязов ісіне нүкте қойды. Былығы көп, бірақ өзі жоқ БТА-ның бұрынғы басшысына 20 жыл жаза кесілді. Ауыр жазаны оның негізгі сыбайласы деп айыпталған БТА банктің несие жөніндегі директоры да арқалады. Тағы екі топ менеджерге шартты жаза кесіліп отыр. Әрі бұл төртеуі банкке келтірген шығынды, анау-мынау емес бақандай 20 триллион теңге өтеуі тиіс.
Автор: Аруна Ортай
07.06.2017
Әблязовтың үкімінде өзінен басқасының барлығы отыр. Оған қарап айтатын сөзін судья басқаларға асықпай оқып берді. Осылайша, бақандай 8 жыл уақыт алған тергеу ақыр соңында сырттай үкіммен аяқталды.
Мартбек Кәкімжанов, судья:
-Мұхтар Әблязов кінәлі деп табылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын құзырлы органдар ұстаған күннен бастап өтесін. Банктердегі жеке есеп-шоттары мен дүние-мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленсін.
Тәркілеуге ауыз толтырып айтатын Әблязовтың дүние мүлкі де жоқ. Алматыдағы мына үш вилласы ғана қалған. Таудың етегіндегі сол зәулім үйлер көптен бері банктің тәркілеуінде тұр. Қалғанын қашқын банкир ақшаға алмастырып, әлдеқашан шетел асырып үлгерген. Сот бүгін оның сыбайластарына да үкім кесті. БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш пен оның орынбасары Жақсылық Жарымбетов бірнеше бап бойынша кірәлі деп танылғанымен, шартты жаза кесіліп сот залынан босап шықты. Дүние-мүліктері тәркіленген олардың енді рұқсатсыз қаладан аттап басуға қақылары жоқ. Тек Әблязовпен бірге аса ірі мөлшерде ақша жымқырды деп айыпталған бір топ-менеджердің ғана қолына кісен салынды.
Қайрат Садықов несиелеу жөніндегі директор болған. Оған сот 15 жыл кесті. Алайда, соттың аяқталғаны сол еді, кезінде ауыз жаласқан сыбайластар бір-бірінің үкімімен келіспей, өзара жанжалдасып қалды.
Құрышбек Тәңірбергенов, Қ.Садықовтың адвокаты:
-Шешім әділетсіз! Толығымен! Біріншіден, Садықовтың бұл банкте жұмыс істегені рас, ол оны мойындап тұр. Бірақ, кредит беру бермеуді тек қана Жәрімбетов шешіп отырған.Садықовқа бұндай жаза тағайындап отырған себебі, ол өз кінәсін мойындамаған. Садықовтың ол жерде дауысы да жоқ.
Жегені бірдей, бірақ жазалары әртүрлі боп шыққанынымен, сот барлығына айыппұлды аямай салды. Шығынды өтеу туралы сотқа шағым түсірген БТА банк болатын. Сонымен, үкімке сәйкес, Әблязов пен үш сыбайласы банкке 19 триллион 821 миллиард 533 миллион 200 мың теңгені қайтаруы тиіс. Ол үшін сот 3 ай уақыт беріп отыр.
160 эпизодтан тұратын іс 2 224 томды құраған. Ал, басты айыпталушы Мұхтар Әблязовтың өзі қазір Францияда тұрып жатқанын айта кетейік. Салымшыларынан жымқырған ақшасына Парижде сайран салып жүрген қашқын олигарх, бүгін әлеуметтік желіде өзіне сырттай үкім кескен сотты мазақ қылыпты. Дегенмен, 20 жыл жаза оның мойнында қала береді. Әрі жаза ұсталған күннен бастап есептелсін деп шешті бүгін судья.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!