Демалыс: «Тау күні» шақырады!
Балаңыз тынықсын десеңіз, «Тау күніне» жіберіңіз! Алатау бөктеріндегі ең үлкен балалар сауықтыру кешені жазғы демалысқа шақырады. Айналасын кілең шырша, қайың қоршаған тамаша мекен жасөспірімдерді спортқа да баулиды. Өйткені, мұнда жаттығуға қажеттінің бәрі бар. Күнделікті бес мезгіл тамақтандыратын демалыс орталығы әнші болғысы келетін балақайларды да дайындайды.
Автор: Аруна Ортай
12.06.2017
Аты балалар лагері демесеңіз, заты шипажайға бергісіз. Айналасын кілең шырша, қайың қоршаған демалыс кешенінің ауасының өзі ем. Мұнда келген баланың бірден тәбеті ашылып, қоршаған ортаны танып білуге құлшыны артады екен.
Ирина Ананишнова, «Тау күні» жаттығу-сауықтыру кешенінің директоры:
-Біздің кешен тамаша жерде, табиғат аясында орналасқан. Ауасы таза. Мұнда балалар демалып қана қоймай, денсаулығын жақсартады. Жатын орны жайлы. Әрі бес мезгіл тамақтандырамыз.
Ал әрбір күн мұнда таңғы жаттығудан басталады. Оның өзі әдеттегі жалықтыратын іс-қимылдардан емес, қызықты биден тұрады. Демалыс кешені табиғат аясында орналасқандықтан тамағы да тойымды. Ал кешкі тамақты баланың өзі таңдайды. Тамақтан соң бала өзі таңдаған спорт түрімен айналысады. Біреулер доп тепсе, енді біреулері суда жүзеді.
Даяна Кемелбекова, оқушы:
-Мұнда өте қызықты. Маған бассейн мен би сабағы ұнайды. Көптеген достар таптым.
Әнші болғысы келетіндерге сахнасы да дайын тұр. Вокал сабағында мінезі ұяң ұл-қыздардың өзі ашылады. Ал нағыз қызық мұнда түн батқанда басталады. Ортаға достық алауы жағылып, балалар айнала би билейді. Мұнда Швейцариядан келген оқушылар да бар. Ата-аналарының айтуынша, Алатаудың ауасы Альпіден де таза. Ендеше ұл-қызыңызға шетелде жоқ пайдалы демалыс сыйлағыңыз келсе, сіз де «Тау күніне» жіберіңіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!