Жоғы көп ауыл: Оралда картаға енбеген бірнеше үй қараусыз қалған
Оралдық үш отбасы айдалада қараусыз қалдық деп шағымданды. Өйткені, облыс орталығынан екі шақырым жерде қоныс тепкен ескі үй картаға енбей қалыпты. Картада болмаған соң оларға жедел жәрдем мен өзге де қызмет өкілдері бармайды екен. Ал тұрғындар болса ескі үйде әлі де адамдардың тұратынын дәлелдей алмай жүр.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.06.2017
Оралдан екі шақырым жерде орналасқан үй картаға енбеген. Сондықтан бұл төңірекке жедел жәрдем де, полиция да келмейді. Оның үстіне, терезенің дәл түбінен өндіріс орны салынып, жүріс-тұрысты қиындатқан. Жұрт мұнда 90-жылдардан бері тұрып жатса да 7 жыл бұрын жергілікті әкімдік үйді иесіз деп таныпты. Ал үш жыл бұрын тіпті онда тұрып жатқандарға қауіпті аумақтан кетіңдер деген.
Сергей Кирпичников, Орал қаласының тұрғыны:
-Заң бойынша өндіріс аумағында адам тұрмауы укерек. Ал біздің осы жерден көшпейміз деп жанжалдасып жүргенімізге он жылдан асты. Өзіміздің әлі осында бар екенімізді білдіріп, үйімізге жөндеу жасаймыз. Бірақ, әкімдік берген құжатта үйімізде адам тұрмайды деп тұр.
Айдалада тұрса да үйдің жан-жағын өндіріс мекемелері қоршап тұр. Бір жағында есік-терезе жасайтын мекеме, екінші жағында ұзындығы 30 метрлік тас қоршау тұр. Оның арғы жағында мал шаруашылығы қолға алынған. Осындай жағдайда отыру оңай емес дейді тұрғындар.
Ақтоты Нұрғалиева, Орал қаласының тұрғыны:
- Балалар ауырған кезде жедел жәрдем шақыру өте қиын. Әйелдерді толғақ қысқанда берекетіміз қашады. Таяққа мата байлап жедел жәрдемге алыстан жол көрсетеміз.
Жұрт жағдайын айтып құзырлы орындарға талай арызданған. Оларды көшіру туралы үш жыл бұрын шыққан Денсаулық сақтау министрлігі мен соттың шешімі болса да оны орындаған тірі жан жоқ. Ал жергілікті әкімдік кезекке тұру керек деген қарапайым жауаптан артық ештеңе айта алмады.
Миржан Нұртазиев, Орал қалалық ТКШ бөлім басшысының орынбасары:
-Көшіру мәселесіне келетін болсақ, ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі пәтерлер ұсыну бойынша тұрғындар бізде кезекте тұру керек.
Әкімдіктегілердің айтуынша, тұрғындарға бұл жерден көшу үшін тиісті басқармаға өтініш жазса жетіп жатыр. Тек жаңа үйге қол жеткізу үшін қанша жыл кезек күтері белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!