Баспана дауы: Астана әкімдігі үйлері құлағалы тұрған отбасыға киіз үй тігіп берген
Киіз үйде жан баққандар! Астана әкімдігі баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасын киіз үйге жайғастырды. Көктемде қар суымен үйінің іргесі сөгілген Бекболатовтардың басқа амалы жоқ. Дым тартып, құлап тынған үйдің отағасы мен балалары демікпеге шалдығып, тапқаны дәрі-дәрмектен артылмайды. Үй саларға жері бар, жағдайы жоқ жандарға жергілікті биліктің де берер көмегі шамалы.
Автор: Азамат Алдоңғаров
13.06.2017
Екі кештің ортасында үй-күйсіз қалған ана оқиғаның қалай болғанын еске алып жатыр. 15 жыл тұрған баспанасының бір күнде ойраны шығып, далада қалған отбасының көмек сұрап бармаған жері жоқ.
Раушан Иманғалиева, көпбалалы ана:
-"Нұр отан" арқылы Алматы ауданының әкіміне бардым. Ол тұрғын үй басқармасына хабарласып мәселені тезірек шешуге бұйырды. Қуатбеков деген қабылдады, түк бітіре алмады. Исекешевке жазылдым, бірақ әлі кезегім келмей жатыр.
Әкім алдын көру мүмкін болмаған соң, Раушан Иманғалиева депутаттарды жағалапты. Алайда ана олардан да үміт үзген.
Раушан Иманғалиева, көп балалы ана:
-Аронова деген депутатқа бардым. Ол кісі көңілімді қалдырды. "Мен үшін бала тапқан жоқсың, соншама бала туардың алдында ойланбайсың ба?" деді.
Белшесінен жерге көмілген үйдің еден астынан жер асты суы сәуір айында сау етіп шыққан. Осыдан кейін біршама уақыт туыстарының үйінде бой тасалаған Бекболатовтар отбасы мына үйінің жанындағы ағаш сарайға көшіп келуге мәжбүр болды. Сол оқиғадан бері арада екі ай уақыт өткенімен әкімдіктің жалғыз көмегі, мына киіз үй осыдан бір апта бұрын ғана тігіліпті.
Әкімдіктегілер көпбалалы отбасына бұдан басқа дайын тұрған үй жоғын алға тартады. Ал іргесі сөгілген баспананы апатты деп тану үшін комиссия құру керек. Одан кейін тағы кезек күтесің. Заң солай. Әзірге қолдан келер көмек осы дейді ақ жағалылар.
Рамиль Досмағамбетов, Алматы аудандық әкімдігінің бас инспекторы:
-Тасқынға қарсы іс шаралар шеңберінде бұл кісіге көмек көрсетілді. Өз өтініштері бойынша Жабаев көшесі сегізінші үй мекен жайы бойынша киіз үй орнатылды. Үй маңында су соратын насостар қойылып, қиыршық тас төселді.
Алайда қиыршық тастан қайыр жоқ. Отбасы қаражаттың жоқтығынан үй сала алмай отыр. Отағасы екінші топтағы мүгедек, жұмыссыз. Алты баланың кішісі бір жарым жаста. 21 жастағы үлкені ғана елу мыңға жалданып жұмыс істейді. Сондықтан әкімдік мерекеде тігетін үйін қоңыр күзде сұрап келсе, отбасы тағы да далада қалғалы тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!