Арнайы операция: Тоқмәдидің тұтқындалуының артында кімдер тұр?
Тоқмәди тұтқындалғанымен, зауыты жұмысын жалғастырып жатыр. Дегенмен, шыны өндіріп отырған еліміздегі ең ірі кәсіпорынның қызметкерлері алаңдаулы. Қожайындарының қарақшы деп айыпталып жатқанын кеше аяқасты естіген олар, мұны табысы қыруар зауытқа қызыққандардың әрекеті ме деп күдіктеніп отыр. Елге белгілі кәсіпкерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы кеше үйінен кісендеп әкеткен болатын. Тек талай жылдардан бері қылмыстық топқа жетекшілік етті деп айыпталған Мұратхан Тоқмәдиге қатысты әзірге нақты ақпараттар айтылмай отыр.
Автор: Аруна Ортай
13.06.2017
Күні кеше ғана қарулы жасақ толып жүрген зауытта бүгін тым-тырыс. Әдетте, сапырылысып жүретін жұмысшылары да сыртқа шығуға жүрексініп қалғандай. Тек мынадай жүк көліктері ғана оқтын-оқтын кіріп-шығуда.
Бос кірген жүк көліктері шыны тиеп алып кетіп жатыр. Жұмысшылар да түгел осында. Тек олар кешегі арнайы операциядан кейін абыржулы. Ал зауытқа қазір Мұратхан Тоқмәдидің орынбасары уақытша басшы боп отыр. Қауіпсіздік қызметінің бастығы болса, кешеден бері түс көргендей жүр. Айтуынша, шыны зауытына бұрыннан бері талай кәсіпкер қызығып жүріпті. Кешегі тұтқындауға солардың қатысы барына ол сенімді.
Серік Бөрібаев, «ҚазСтройСтекло» зауыты қауіпсіздік бөлімінің бастығы:
-Зауытқа қызығады ғой. Жұмыс істеп жатыр, ақша әкеліп жатыр. Біреуге ұнады. Алғысы келді. Алады. Бізде сол ғой Қазақстанда, кез-келген дүниені тартып алады.
«ҚазСтройСтекло» компаниясының Астанадағы филиалы да жұмыс істеп тұр. Десе де, кешегі тұтқындау мұндағы саудаға кесірін тигізген екен. Тоқмадидің басқа кәсіпкерлерден ақша бопсалағанын естіген кейбір тапсырыс берушілер тауардан бас тартып, теріс айналыпты.
Людмила Шепелева, «ҚазСтройСтекло» компаниясы Астана филиалының директоры:
-Бізді бәрі қарақшы деп айтып жатыр. Әрине, мұндай ауыр сөздер жұмысқа кесірін тигізеді. Сондықтан, Мұратхан Тоқмәдидің кінәсі дәлелденбей жатып, сырт адамдар біз туралы олай айтпаса екен.
Ал Тоқмәдидің тұтқындалуы бойынша әзірге бірде-бір құзырлы орган жақ ашпай отыр. Дегенмен, кәсіпкер Алматыда бизнесін дөңгелетіп отырған басқа әріптестеріне қырғидай тиіскен деген мәлімет бар. Солардан ақша бопсалап, қарсылық білдіргендерін ұрып-соққан көрінеді.
Естеріңізге салсақ, белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің арнайы жасаға кеше тура үйінен тұтқындап әкеткен болатын. 50 жастағы бизнесмен «Депутаттық корпус» атты қылмыстық топқа жетекшілік еткен. Құрығы ұзын қылмыстық топтың сойылын соғатындар билікте де көп көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!