Қарсылық: Жамбыл облысында тұрғындар жолдың құрылысын тоқтатуды талап етті
"Алматы-Талдықорған" тас жолының 1 жарым шақырымы бұрынғы қалпында қалуы мүмкін. Себебі үй іргесінен өтіп жатқан күре жолдың күрделі жөндеуден өткізілуіне тұрғындар қарсы. Наразы жұрттың айтуынша, 4 жолақты тас жолдың ауыл маңына түсуі адам өміріне қауіпті. Сондықтан, бұқара өздерін басқа жерге қоныстандыруды немес құрылысты тоқтатуларын талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
14.06.2017
Алматы-Талдықорған тас жолы Бақтыбай ауылы іргесінен өтеді. Күре жол үйлерден небәрі 4 метр жерде жатқандықтан тұрғындар жандарын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр. 20 жылдан бері үрейде жүрген елден енді тіптен маза қашты. Өйткені қайта жөндеуден өтіп жатқан республикалық трасса кеңейтіліп, төрт жолақты болып, баспаналарға тіптен жақындаған.
Болат Серікбаев, Бақтыбай ауылының тұрғыны:
-Осы жерде тұрып жатқаныма 20 жыл болды. Үйдің іші камаз өткенде дірілдеп тұрады. Кейде машиналар қақпаны бұзып кіреді.
Жолдың жиегінде 60-қа жуық баспана бар. 2013-ші жылы тұрғындарға өтемақы береліп, үйлері сүрілетін болып шешілген екен. Бірақ, арада бес жыл өткенде мердігер аяқасты айныған. Тіпті, компания басшысы көпшілікке ақ параққа қол қойғызып, кейін өзімізге қарсы қолданды дейді тұрғындар.
Рашит Хамзинов, Бақтыбай ауылының тұрғыны:
-Жиында бізге кино көрсетілді. Төрт жолақты жол, керемет асфальт, бағдаршам, әдемі енді. Аузымыз ашылып, аң-таң болдық. Сөйтіп әппақ параққа қол қойыңдар деді, қойып бердік. Ол кезде үйлерді жарамсыз деп тауып, өтемақы берілетін болған. Сөйтсек, олар бізді алдап құрылысқа рұқсатымызды алып алған екен.
Ал мердігер шашасына шаң жұқтырған жоқ. Айтуынша, жұрт күре жолдың құрылысына әу баста қуана келіскен. Жеме-жемге келгенде өздері айнып, сөздерінен тайқыды дейді.
Нұрхат Ақылтаев, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
-Аудандық әкімдікте қоғамдық тыңдау өтті. Мердігер, жобалаушы мекеме, тапсырыс беруші, жергілікті орган бәрі жиналған. Тұрғындар сол кезде келісім берген. Мұндай жалған құжат жасау мүмкін емес.
260 шақырымды құрайтын Алматы-Талдықорған тас жолының құрылысына 7 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары 4 жыл бұрын басталғанын айта кетейік. Ені 10 метр болатын күре жолды тағы бес метрге кеңейту жоспарланған. Қазір жұмыстың 99 пайызы біткенімен, дәл Бақтыбай ауылы маңындағы бір жарым шақырымның әлі мұрты да бұзылмады. Жөндеудің бүгін-ертең басталуы да екі талай. Өйткені тұрғындар мен мердігердің келісімге келетін түрі жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!