Құлаған ракета: Талап ауылының тұрғындары апаттың қалай болғанын айтты
Қарағанды облысында кеше ғана ғарышқа аттанған «Союз» зымыран тасығыштың бөлшегі құлап, иен дала отқа оранды. Апаттан Жезқазған маңындағы Талап ауылының тұрғындары шошынып, дүрліккен. Өйткені, ыстық желдің кесірінен лезде күш алған жалын бақандай 10 мың гектар аумаққа таралып үлгеріпті. Оның үстіне, "Роскосмосқа" қарасты мекемеден бөлшектерді жинауға барғандар, өртті өздері өшірмек болып құтқарушыларға кеш хабарлаған. Апат салдарынан бір адам тірідей жанып кетті. Екіншісі оңбай күйіп, ауруханада жатыр.
Автор: Саят Сабдалы
15.06.2017
Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс МС-06» жүк кемесі Астана уақытымен күндізгі сағат 15: 20 да ұшырылған. Оның «Союз» зымыран тасушысы 10 минуттан соң атмосфера қабатынан асқанда ажырапты. Зымыран бөлшектері Жезқазған қаласынан 60 шықырым жердегі Талап ауылының маңына түскен. Қызып тұрған қозғалтқыштар жерге түсісімен, шөпке тиіп, жалын күннің ыстығында тез таралып кеткен. Жергілікті құтқарушылар хабар кеш жеткендіктен, тілсіз жау лезде тарады деп отыр.
Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:
-Бізге кешіктіріп айтты. Өзіміз сөндіреміз деп ойлаған. 8 техникасы мен 20 шақты адамы болған. 2-3 сағаттың ішінде өрт 10 мың гектардан асып кеткен.
Аталмыш апат сол маңдағы Талап ауылының тұрғындарын әбігерге салды. Олар сағат 4 тер шамасында гүрс еткен қатты дауыстан шошыдық дейді. Араға аз уақыт салып көкжиектің қызыл жалынға оранғанын байқапты. Айтуларынша, от пен қою қара түтін де сәт санап жақындай түскен.
Қайрат Есенбаев, Талап ауылының тұрғыны:
-Қою қара түтін басып кетті. Көбіне даладағы кеуіп тұрған шөп пен қараған жанып жатты. Өрт сөндірушілер сағат 9 жарымның кезінде ғана келе бастады. Ауылдан бірнеше азаматтар барып, түнгі сағат 3- ке дейін отпен алыстық.
Алапат өрт ажал құштырмай қойған жоқ. Апат кезінде бөлшектерді жинап алуға барған «Камазға» от тиіп, 53 жастағы жүргізушісі Юрий Хатюшин тірідей жанып кетті. Ал, оның қасындағы серігі, 49-дағы Вячяслав Тыц қазір ауруханада жатыр. Оңбай күйіп қалған оны аман алып қалу үшін облыс орталығына апару керек дейді мамандар.
Айжан Иса, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы:
-23:00 де түнгі сағат өте ауыр халде түсті, жансақтау бөліміне. Денесінің 45 пайызын күйік алған. Бүкіл медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгін санавиациямен Мақажанов атындағы клиникаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Зардап шеккендердің екеуі де Жезқазған қаласының тұрғындары. Олар Ресейге қарасты мекемеде келісім шарт бойынша жұмыс істеп жүрген екен.
Мамандар Қызылорда мен Жезқазған арасында жоспар бойынша жылына 20- дан астам зымыран тасығыш бөлшектері құлайтынын айтады. Барлығында шаруаны өз күштерімен-ақ тындырады екен. Тек осы жолы ауа райынының қолайсыздығы кедергі бопты. Дегенмен адам өліміне әкелген жағдай бойынша енді екі ел өкілдерінен құралған арнайы комиссия тексеріс жүргізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!