Алматыда прокуратураның шатырын жөндеуден бас тартқан кәсіпкер шатылып жатыр
Алматыда адам өлтіруге оқталды деп айыпталған кәсіпкер 10 жылға сотталуы мүмкін. Мемлекеттік айыптаушы бүгін Асқар Жұмағалиға осындай жаза кесуді сұрады. Тек онымен күдікті де, тіпті жәбірленуші тарап та келіспей отыр. Себебі басында бұзақылық бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс кейін бұрмаланып кетті дейді олар. Ал кәсіпкермен бірге оқ атты делінген күзет компаниясының қызметкерлері жауаптан сытылып кеткен. Сондықтан сотталушының туыстары, шикілігі көп істің қайта қаралуын талап етіп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
16.06.2017
Адам өлтіруге оқталды деп айыпталған кәсіпкер бес айдан бері қамауда отыр. Тергеу материалдарына сай Асқар Жұмағали былтыр қыркүйекте күзет қызметкерлерінің қаруын тартып алып, Ақжар ауылында дәнекерлеушіні атып тастамақ болыпты. Сондықтан бүгінгі жарыссөзде прокурор оны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Азамат Дайырбаев, мемлекеттік айыптаушы:
-Асқар Жұмағалиды күш қолдану арқылы қаруды тартып алу және қасақана кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша кінәлі деп танып, дүние-мүлкін тәркілей отырып 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұраймын.
Бір қызығы, тағылған айыппен Жұмағалидің өзі түгілі, жәбірленуші тараптың өзі келіспей отыр. Маған ешкім қару кезенген жоқ дейді Ернар Қанапиянов. Тек атылған мылтық дауысын естіп, полиция шақырған.
Ернар Қанапиянов, жәбірленуші:
-Мен жәбірленуші емеспін. Екі контейнер алдымда болды. Мылтық атылды мен іште болдым. Маған зиян тиген жоқ. Жанымдағы балаларға да зиян тиген жоқ. Ондай статьялармен келіспеймін.
Күдіктінің өзі де ешкімге кесірім тиген жоқ деген пікірде. Сондықтан он жылға соттауды сұраған мемлекеттік айыптаушы басшылардың сойылын соғып отырғанына сенімді. Себебі кәсіпкер, прокуратура қызметкерлерімен бұрыннан бас араздығым бар еді деп отыр.
Асқар Жұмағали, айыпталушы:
-Я дал отвод прокурору во время следствие еще. Так как у нас были личние неприязние отношение зам начальникам прокурора Сабуровом Әділханом. Он просил меня отремантировать крышу прокуратуру Наурызбайского района. Так как я являлся на этом районе бизнесменом.
Айыпталушының туыстары да істің бұрмаланып жатқанына наразы. Өйткені оқ атылған жерде Асқардан бөлек күзеттің үш қызметкері болыпты. Қару да соларға тиесілі екен. Бірақ олардың бірде-бірі жауапқа тартылмаған.
Жазира Жұмағали, айыпталушының туысы:
-Іс қозғаған кезде бұл жерде күзет мүлде жоқ. Делода күзеттің аты жоқ. Олардың бәрі куәгер болып кеткен. Асқар олардан қаруларын тартып алып, бүкіл оқты сол атқан сияқты.
Күзет қызметкерлерінің қарудан оқ жаудырғанын өз әріптестері де растап отыр. Бірақ қоғамдық қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер бармақ басты көз қыстымен қылмыстық жазадан сытылып кеткен.
Ерлан Орақбаев, күзет қызметкері:
-Әділов Еділ 4 рет атқан, Рақымов Әлішер 3 рет атқан, Мұхамедияров Думан 1 рет аттым дейді. Бастықтар 500 мың теңге РОВД-ға берген, лицензиясынан айырылмау үшін. Автомашина Ниваны, мылтықты алды. Сөйтіп құтылып кетті . Жаланың бәрін Жұмағали Асқарға жауып.
Шым-шытырық оқиғаның енді немен аяқталары белгісіз. Себебі бүгінгі сотта айыпталушының аяқасты денсаулығы сыр беріп, жарыссөз келесі аптаға шегерілді. Дүйсенбіге белгілінген процессте күзет компаниясының қызметкерінен де жауап алынбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!