Оңтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл тұрғындары мектеп құрылысына қарсы шықты
Себебі, Арыс қаласына қарасты Саналы ауылына билік биыл 250 орындық мектеп салып беруді уәде еткенімен, құрылыс басталғанда нысан 150 адамдық болып шыққан. Онсызда жылдар бойы ұл-қызының 3 ауысымда оқып жүргеніне наразы жұрт, енді тар мектептің қажеті жоқ деп, тіпті жаңа оқу орнына балаларын бермеуге бекініп отыр.
Автор: Бек Әбиев
19.06.2017
-Саналы ауылындағы мектеп құрылысы басталмай жатып-ақ дауға қалды. Себебі, келер жылы пайдалануға берілуі тиіс оқу ордасы 150 балаға арналған екен. Ал, ауылда қазірдің өзінде 300-ге жуық оқушы бар. Сондықтан, тұрғындар құрылысты тоқтатсын деп талап қоюда.
Ескі ғимаратты мектеп етіп, үш ауысыммен оқып келе жатқан жұртқа биыл ғана әкім есеп беріпті. Ол кезде 3 гектар жерге 250 орындық мектеп, тіпті спорт зал салынады деп сүйінші сұраған. Алайда, 2 ай өтпей 3 гектар жер бір жарым есеге, ал 250 адамдық нысан 100 орынға қысқарып кеткен.
Пернекүл Рүстемова, Саналы ауылының тұрғыны:
-Сонда бала-шаға асфальттың үстінде жүре ма? Машинаның астында қала ма сонда? Ереуілге шығамыз.
Жалпы Арысқа қарасты ауылдарда мектепті шағындап салу үрдіске айналған. Саналы ауылына көршілес елді-мекендерде де бала саны азайтылып, мектептер тарылып кетіпті. Көз алдындағы мысалды көрген жұрт жаңа мектепке бала жіберілмейді деп отыр.
Бердалы Нұрәлиев, Саналы ауылының тұрғыны:
-Іргедегі ауылдан 150 орындық мектептің қандай болатынын көріп келдім. Барып қарасам бір класта 6 партадан. Химия, физика, биология кабинеттерінің бәрін көрдім. Сөйтсем 6 партадан 12 баладан артық сыймайды. Бұл не масқара?
Дауласқан жұртқа түсіндірмек болып шенеуніктер келгенімен, жұрт жаудырған сұрақтарға жауап таппай олар әбден састы. Құрылыс бөліміндегілердің айтуынша, мектеп мәселесі 2009-шы жылы көтеріліпті. Құжат жасалып, қаржы бөлінем дегенше 8 жыл өтіп, бала санының артып кетерін білмедік деген олар, енді бекітілген мектеп не болса да салынады деп отыр.
Темірхан Сатыбалды, Арыс қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
-Облыстан бюджеттен бөлінді. Жоба дайын тұр. Оны біз енді қалдырып кете алмаймыз. Өйткені қаржы бөлінді бұған.
Бюджеттің 386 миллион теңгесіне салынып жатқан мектеп, онсыз да 3 ауысымнан зәрезап болған ауыл тұрғындарының мәселесін шеше алмайтын түрі бар. Сондықтан, жұрт, облыс пен астаналық шекпенділерден сауға сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!