Бурабайда шұрық тесік жолды тұрғындар асарлатып жөндеуге мәжбүр
Әйтпесе сыртқы әлеммен байланысу мүмкін емес. Айтуларынша, ойдым-ойдым жолдар жыл сайын «Бурабай-Щучье» курортты аймағын дамыту бағдарламасына енеді екен. Алайда, барлығы сол қағаз жүзінде қалып жатыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
20.06.2017
-Курортты аймақ Бурабайдың тап іргесінде отырған 2 ауылдың жолының жөнделмегеніне 50 жыл болғандығын айтады. Көрікті өлкенің әсем табиғатын тамашалауға келген туристерден ұят болды дейді олар. Ауылға ат ізін сала қоймайтын әкімдерге айта айта шаршадық дейді ашынған жұрт.
Мына әрекет тұрғындардың ойлап тапқан соңғы амалы. 200 дей түтіні бар Мәдениет ауылындағылар, әр үйден 500 теңгеден ақша жинап, қиыршық тас сатып алған. Енді бүгін бәрі жабылып ойдым-ойдым жолды жамауға шығыпты.
Бикеш Қосшыбаева, Мәдениет ауылының тұрғыны:
-Әрбір отбасында бір-бір машина бар. Жыл сайын салық төлейміз. Сол салық қайда кетеді?Жаз болса біз осы жолға шығамыз шелек, күрегімізді, алып.
Расымен де тұрғындар төсеген қиыршық тас жүк көліктері жүргенде шашырап сала береді. Мал өсіріп, өз күндерін өздері көріп отырған жұрт 27 шақырым жолға көп қаражат кетпейді деп есептеп те қойған.
Қабиба Дәулетбаева, Мәдениет ауылының тұрғыны:
-Депутаттарға тіпті облыс әкіміне бәріне жазып жатырмыз. Бірінен ешқадай жақсылық жоқ. Келмейді де, ат басын бұрмайды да. Аш емеспіз. Бізге жол керек!
Тұрғындардың қолына 2014-2016 жылдардағы Бурабай-Щучье курортты аймағын дамыту бағдарламасының жоспары түскен. Бекітілген жоспарда дәл осы жолдар жөнделуге тиіс деп көрсетіліпті. Бірақ, бәрі қағаз жүзінде қалған. Ал, шенеуніктер болса бәрін қатырамыз деп, жаңа құрылған басқа бір бағдарламаға сілтеп отыр.
Қайыргелді Мусин, Бурабай аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
-Арнайы бағдарлама бар.Қазір Мәдениет ауылына жолды жеткізу үшін құжаттарды жасап жатырмыз. Келесі жылы жол істейміз деген ойымыз бар.
Тұрғындар сөзінше, дәл осылай 3 жыл бұрын да айтылыпты. Тіпті жобалау сметалық құжаты әзірленіп жоспар аяқсыз қалғандықтан, енді шенеуніктердің сөзіне ешкім сенбей отыр. Керісінше, өткен бағдарламаның қаржысы қайда кеткенін құзырлы органдардан тексеруді талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!