ҰБТ: Алматыда емтиханға күліп кіріп, еңкілдеп жылап шыққандар көп болды
Өйткені, бүгіннің өзінде 19 бала тиісті баллды жинай алмай қалған. Ал ең көбі 129 ұпай жинаса, 140 сұрақтың 24-не әзер жауап бергендері де бар.
Автор: Асыл Әділханұлы
20.06.2017
Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық университеттің алдына таңмен таласа келіп, ұзын сонар кезекте тұрған Жетісу ауданындағы 17 мектептің түлектері. Төрт жүзден астам баланың арманы бір. ҰБТ-дан жоғары бал жинау. Жауапты сәтке кейбіреуі түнімен көз ілмей дайындалса енді бірі ырымға сеніп отыр.
Нұрдәулет Несіпқали:
-Мен шатаразға барғанда апайым шашыңды алма деді. Ырым үшін деп. Содан шашымды алған жоқпын.
Нұрдаулетке қырқылмаған шашы қанша бал жинап беретіні 3 жарым сағатта белгілі болады. Міндетті және бейін пәнін қосқанда тест тапсыруға беретін уақыт осы. Жаңа форматқа әлі еті үйренбеген балаларда үрей де жоқ емес.
-Жүйе өзгергенмен тәртіп сол қалпы. Түлектер аудиторияға кірмес бұрын бірнеше тексерістен өтеді. Оның ішінде мынандай құрылғы да бар. Темір анықтайтын аппарат. Бұл жерден тіпті тиын алып өту мүмкін емес. Міне кей балалар теңгелерін де тастап кетіпті.
Бірақ, бүгін бұл құрылғылар 5-10 тиыннан басқа ештеңе анықтай алмады. Есесіне аудиториядағы камералар әр бірінің қимылын қалт жібермей түсіріп тұр. Оның үстіне төбеңнен төнген тексерушілер тағы бар. Бұдан бала түгілі, ата-аналар да қобалжулы.
Сыртқа бірі күліп, енді бірі еңкілдеп жылап шығып жатты. Ұялы телефон, шпоргалка қолданамын деп ұсталып қалғандар да бар. Нәтижесінде 19 бала тиісті межеден аса алмай құлаған. Ең көп жинағаны 129 балл. Сынақтан сүрінгендердің енді екі мүмкіндігі бар. Олардың ертең апелляцияға бере алады. Болмаса өзі қалаған университетке барып емтихан тапсырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!