{metadescription}
Елімізде бағаны доллармен белгілеген кәсіпкерлер заң жүзінде жауапқа тартылады
Елімізде бағаны доллармен белгілеген кәсіпкерлер заң жүзінде жауапқа тартылады

Елімізде бағаны доллармен белгілеген кәсіпкерлер заң жүзінде жауапқа тартылады

Тәртіпке бағынбағандарды енді ірі көлемде айыппұл күтіп тұр. Бұған дейін мұндай талап заңда жазылмаған болатын. Ұлттық экономика министрлігі «Жарнама туралы» құжатқа осындай бірқатар өзгеріс енгізіп, бүгін Мәжіліске алып келді. Ол бойынша, жалған, анайы, этикаға сай келмейтін дүниені жарнамалағандар мен спирттік ішімдік және темекіні насихаттағандарды да жаза күтіп тұр.

Елімізде бұған дейін де жарнамаға қатысты тыйымдар болған. Бірақ, тәртіпті бұзғандарға нақты жаза белгіленбеген еді. Заңның осы осал тұсын пайдаланған кәсіпкерлер ретін тауып, жасырын жарнамамен айналысып келген. Енді ондай пысықайлардың айласы іске аспай қалайын деп тұр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Жосықсыз, жөнсіз, жалған жарнамалар үшін, сонымен қатар, ұлттық аза тұту күні жарнама берген теле- радиоларға әкімшілік жауап белгіленген. Алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты тудыруға бағытталған  ұтыс, лотерея үшін жауап енгізілген.

Жаңа заңға сай, енді сауда орталықтары мен кез-келген дүкен тауардың бағасын тек теңгемен көрсетуі тиіс. Доллармен сауда жасағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Ал газет-журнал мен телеарна, радиодағы  роликтерге Ақпарат министрлігі, дәрі-дәрмек, медициналық құралдарды  Денсаулық сақтау министрлігі, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты жарнаманы Ішкі істер министрлігі қадағалайды. Сыртқы жарнаманы Ұлттық экономика министрлігі реттемек. Депутаттар дәл осы ғимараттар мен жол бойына ілінген жарнамалар былыққа батқан, ортақ жүйе жоқ деп отыр.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы

-Салық органдары қарпайым LED-экран мен билбордтың айырмашылығын ескермейді. Екеуіне бірдей ақы алады. Әр аймақты,  сыртқы жарнаманың түрін ескеріп, бағаны нақты белгілеп алуымыз керек. Ал халықаралық трассаларда бір де бір әлеуметтік, мемлекеттік символ бейнеленген жарнама жоқ. Мәселен, "Қазавтожол" да бильборд ілумен айналысады екен. Неге ол әуелі жолын дұрыстап төсеп алмайды?

Енді телеарна және радиолар күніне 10 рет әлеуметтік роликтерді  эфирден беруге міндетті. Сондай-ақ, мәжілісмендер жарнаманың бағасынан бөлек, оның мазмұнына да көңіл бөлуді ескертті.

Бақтыбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:

 -Әуежайда «өзiңнен әрi, өзгеге қарай» деген қазақша сөздер бар. Ол ешқандай да мағына бермейдi. «Итеріп аш», «тартып аш» деген дұрыс, негiзгi бағыт «ашу» ғой.. Жарнамалардың барлығы өнеркәсіптің, я болмаса бизнестің ғана емес, керісінше мәдениетіміздің, адамға тәрбие беретіндей болуы керек.

Депутаттар осы заң аясында денсаулыққа зиян фаст-фуд пен энергетикалық сусындарды да жарнамалауға тыймы салуды ұсынды.

Осылайша, еліміздегі жарнама нарығында айтарлықтай өзгеріс болмақ. Әзірге Мәжіліс жаңа заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.  Алдағы уақытта шенеуніктер депуттардың ұсыныстарын ескеріп, жарнама тәртібін бұзғандарға салынатын айыппұлдың нақты сомасын , тәртібін белгілеуі тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде