Талдықорған әуежайындағы өртте оңбай күйіп қалған екінші адам қайтыс болды
Денесінің 90 пайызы күйіп кеткен Рүстем Мұсабеков 5 күн ауруханада жатып, есін сол күйі жинай алған жоқ.
Автор: Асыл Әділханұлы
21.06.2017
Дәрігерлер тыныс жолына дейін зақымдалған азаматтың тері некрозынан қаны бұзылған деп отыр. Бұндай жағдайда науқасты аман алып қалу мүмкін емес екен. Әуежайдың жанармай бекетінде техник болып жұмыс істеген марқұмның артында әйелі, үш баласы қалды.
Ботагөз Жандосова, Рүстем Мұсабековтың анасы:
-Рүстем өзі адал бала. Ешкімнің ала жібін аттамаған. Жұмысына адал. Достарының алдында беделді. Барлығына көмектесетін.
Оқыс оқиға 15-ші маусымда болған. Әуежайдың жанармай бекетінде өрт шығып, екі қызметкері зардап шекті. Денесінің 98 пайызы күйіп қайтыс болған қауіпсіздік инспекторы Рахат Каметаевты туыстары жексенбі күні жер қойнына тапсырған еді. Осы екі қызметкер өрт шыққанда жанармай багының ауызын жауып қалған. Әйтпесе соңы жойқын жарылысқа ұласып, салдары ауыр болады екен. Ерлікпен қаза тапқан марқұмдардың отбасына жергілікті билік әзірге миллион теңгеден берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!