Қымбатшылық: Елімізде көкөніс құны шарықтап кетті
Бау-бақша пісетін уақыт келгенімен баға түсетін емес! Елімізде көкөніс құны әлі шарықтап тұр. Қазір картоп 250, орамжапырақ 280, сәбіз 200 теңгеге жеткен. Елордаға жақын өңірлер мұны астаналықтар тарапынан көбейген сұраныспен байланыстырса, теріскейліктер бұл құбылысқа көктемгі тасқын кінәлі деп отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
23.06.2017
Қарағандыда картоптың көтерме бағасының өзі 200 теңгеден басталады. Ал солтүстік өңірлерге жеткізілетін көкөністердің бәрі осы базардан тасылады. Бұл қайта соңғы екі үш күнде бағаның сабасына түскені дейді саудагерлер.
Райхан Тағаева, саудагер:
- Алған баға қымбат болса қымбат қоямыз. Арзан келсе, арзан болады. Мысалы, өрік аз болса, бірден өріктің бағасы көтеріледі. Биыл ғана қымбат боп тұр. Жылда арзан болатын Кім біледі енді? Бірден Астанаға кетіп жатқан шығар.
Ал сәбіз мұнда 170, қызынақ 280, қияр 300 теңдеген жоғары. Керекуліктер де қымбатшылықтың зардабын тартып отыр. Бұған дейін картоптың келісі 90 теңге болса, қазір 250. Атыраулықтар тіпті Мысыр мен Әзірбайжаннан картоп алдырып жеп жүр. Африкадан әкелінгені 220, ал Каспийдің арғы жағынан жеткені 180 теңге. Керісінше өзімізде өскен капуста мен сәбіздің құны аспандап тұр. Орамжапырақ – 300, сәбіз -180 теңге. Қымбатшылық Қызылжарды да қысып барады. Мұнда картоп пен сәбіз Афирканың бананынан да әлдеқайда қымбат.
Евгения Сальникова, Петропавл қалалық әкімдігінің бөлім басшысы:
-Тұрақтандыру қорындағы көкөніс таусылды. Қазір маусым айы. Былтырғы өнімді ұзақ сақтауға бізде мүмкіндік жоқ. Сондықтан баға осылай құбылып тұр.
Қызылжардың қара топырағында өсетін өнімдердің мұншама қымбаттауына биылғы тасқын да себеп көрінеді. Көктемде жертөлелерді басқан су халықты азықсыз қалдырған. Ал қорынан айрылған қызылжарлықтар базардағы бағаға қарамай жатыр.
Көкөністің қымбаттауын мамандар уақытша құбылыс дейді. Қазір оңтүстік өңірлерден жеткізілетін көксөк көлемі көбейсе, солтүстік сөрелеріндегі баға да байыбына түсуі тиіс. Бір түйір картопты бір бөлке наның бағасымен сатып алып жүрген жұртқа әзірше шыдай тұрудан басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!