Құрылтай: Шетелдегі қазақтар Назарбаевтан көмек сұрады
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақтар Назарбаевқа түрлі түйткілдерін айтып, мұңын шақты. Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайына қатысқан президентке қонақтар Қытайдағы қандастардың тағдырынан бастап, жеке шаруаларына дейін шешіп беруді өтінді. Президент ешкімнің мәселесін бей-жай қалдырған жоқ. Шеттегі қазақтарға қолдау көресту үшін Үкіметке «Отандастар» атты қор құруға және қысым көрген қандастарымызға араша түсуге пәрмен берді.
Автор: Жәудір Оразхан
23.06.2017
-Әлемнің әр елінде тұрантын ең талантты, табысты еңбек етіп жүрген қандастарымыз екі күннен бері Астанада жүр. Қонақтардың көбі сан тілде сөйлейтін жастар. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы құрылтайына жиналғандардың арасында кәсіпкер, ғалым, ұстаздар мен студенттер бар.
Құрылтай қандастарымыз марқайсын, ой түйсін деп ЭКСПОға қарсы арнайы ұйымдасытырылған. Ал жат жұртта күн кешіп жүрген қазақтар осы мүмкіндікті пайдаланып, көкейлеріндегі түйіткілді Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізіп қалуға тырысты. Германиядан келген Өмірхан Алтын Елбасына Қытайдағы қазақтарға қысым жасалғанын айтып, ашынды.
Өмірхан Алтын, құрылтай делегаты: (Германия)
-Қаны қазақ деп қайнаған сізге бір мәселені айтқым келіп отыр.Қытай елінің аумағында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақытта аса қиын жағдайды басынан кешіруде. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға қайшы келетін ағайындарымыздың құқығын таптауда. Олар қиын қыстау кезеңді бастан өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр.
Президент бұл мәселеден хабарсыз екен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Қазақтарға қиянат жасалып жатыр деген әңгіме менің құлағыма жеткен жоқ. Бар болса, елшілік арқылы білейік. Сыртқы істер министрлігі арқылы біз оған тиісті көңіл аударатын боламыз.
Қонақтар Елбасы арқылы жеке шаруаларын да шешіп алуға тырысты. Францияда тұратын кәсіпкер Мехмет Зенгин ұлттық нақышта перде тігумен айналысады екен. Енді табысты бизнесін Қазақстанға көшіруді ойлап жүр.
Мехмет Зенгин, құрылтай делегаты: (Франция)
-Бизнесімді атажұртқа көшіріп, отаныма пайда әкелу туралы шешім қабылдадым. Бірақ бұл біршама қиын шаруа екен. Өндірісімді орналастыру үшін жер сатып алу мүмкін емес, жалға алу да оғай болмай тұр. Басқа да қағазбастылық көп.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Зеңген мырза, тұра тұрыңыз. Бізде заңымыз бойынша әлі жер сатылмайды. Көршілеріміз алып, көріп отырсың ғой. Солардан қорқып қалған қазақпыз. Кішкене тұра тұруымыз керек.
Президент кәсіпкердің мәселесін Ауыл шаруашылығы министріне тапсырды. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев жан-жақтағы қазақтарды, әсіресе, талантты жастарды жаппай елге оралуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- «Елім, жерім» деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағдай бар. Келемін дейтіндерге Қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасау керек. Біз көшіп келетін ағайындарға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Барлық елде біздің елшіліктеріміз бар. Сол елшіліктер азаматтардың құжатын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Сыртқы істер министріне тапсырамын.
Қазір 5 миллион қазақ шетелдерде тұрып жатыр. Бүгінге дейін 1 миллион қандасымыз елге оралған. Арасында спортшы, әнші, ғалымдар бар. Олар демографиялық жағдайға үлкен үлес қосты. Қазақстанда 1-шілдеде халық саны 18 миллион болады деді Елбасы. Соның 70 пайызы қазақтар. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарын да ауыстырды. Бұл қызметті 13 жыл атқарған Талғат Мамашевтың орнына Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды.
Елбасы шетте жүрген жастардың қазақ тілін ұмытып бара жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Үкіметке осы мәселеге ара түсіп, оқулық, әдебиеттермен қамтамасыз етуді тапсырды. Және елімізде де латын әріпіне көшу үшін 2025 жылға дейін күтпей, мамандарға дайындықты қазірден бастауды тапсырды. Ал дүниежүзіндегі қазақтарға қаржылай қолдау көрсету үшін «Отандас» деген қор құрылатын болды. Оған Үкімет кәсіпкерлерді тартуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!