{metadescription}
Дау: Әбдірахманов Біріккен  Ұлттар ұйымынан өтініш түссе, Қазақстан Сирияға әскер жіберуі мүмкін екенін айтты
Дау: Әбдірахманов Біріккен  Ұлттар ұйымынан өтініш түссе, Қазақстан Сирияға әскер жіберуі мүмкін екенін айтты

Дау: Әбдірахманов Біріккен Ұлттар ұйымынан өтініш түссе, Қазақстан Сирияға әскер жіберуі мүмкін екенін айтты

Қазақстан Сирияға әскер жібермейді. Кешелі бері қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл мәселеге бүгін еліміздің Сыртқы істер министрі осындай жауап қайтарды. Соғыс өрті жалмаған Сирияға бітімгерлік күштерді жіберу туралы ешкіммен келіссөз жүргізілген жоқ дейді Қайрат Әбдірахманов. Себебі оған заңмен тиым салынған. Десе де, әлдебір елдерден емес Біріккен Ұлттар ұйымының өзінен ұсыныс түссе, «Қазбат» сарбаздары соғыс даласына барып қалуы ықтимал. Бірақ бұған саясаттанушылар қарсы. Өйткені Сириядағы соғысқа аралассақ, Қазақстан лаңкестердің қара тізіміне ілігуі мүмкін екен.

-Сириядағы соғысқа Қазақстан қатыспайды. Кешелі бері қызу талқыланып жатқан бұл мәселеге бүгін депутаттар да үн қатты. Мәулен Әшімбаев «Қазбат» жауынгерлерін жат елге ешкім жіберейін деп жатқан жоқ дейді.

Себебі қазақ әскерінің қолға қару алып, өзгенің сойылын соғуға заңмен тиым салынған. Сондықтан сарбаздар лаңкестерге қарсы соғысады деген қисынға келмейді дейді халық қалаулысы. Десе де «Қазбат» батальоны кез-келген тапсырманы орындауға тас-түйін дайын екен.

Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:

-Бітімгерлік миссияларына жіберетіндей Қазақстанның мүмкіндігі бар. «Қазбат» деген батальонымыз бар. 1-2 ай бұрын сарбаздарымыздың жаттығуларымен таныстық. Сол сарбаздар әртүрлі бітімгерлік миссияларына қатысуға дайын деп айтуға болады. Бірақ Сирияға «Қазбатты» жіберуге ешқандай келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Ондай жоспарлар жоқ.

Десе де, соғыс өрті өршіп тұрған Сириядағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға біздің бітімгершілік күштерінің атсалысуға толық мүмкіндігі бар. Ол үшін Біріккен Ұлттар ұйымының мандаты керек. Бірақ халықаралық ұйымнан әзірге мұндай ұсыныс түспеді - дейді еліміздің Сыртқы істер министрі 

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі: 

-БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің қарары қабылданып, БҰҰ-ның мандаты берілсе осы бітімгерлік күштерге, нақты ұсыныстар түссе біз оны егжей-тегжей қарастырамыз.

Сирияға әскер жіберу туралы әңгімені алғаш көтерген Ресейлік депутат болатын. Владимир Шаманов қақтығыс аймағына Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанды тарту туралы ұсынысын ақпарат құралдары арқылы жеткізген. Мәселе тіпті таяуда Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының жиынында да көтеріліпті. Алайда отандық саясаттанушылар Сирияға сарбаз жіберу- тыныш жатқан жыланның құйрығын басумен тең деген пікірде.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

-Егер жауынгерлерімізді Сирияға жіберетін болсақ мұсылман елдерімен қарым-қатынасымыз бұзылады. Екіншіден батыспен арамыз суып кетуі мүмкін. Ең бастысы Қазақстан лаңкестердің қара тізіміне ілігеді. Өйткені Сирия қақтығысына қатысып жатқан барлық мемлекеттерде жарылыстар жиілеп кетті. Сондықтан өте сақ болу керек.

Десе де біздің ел Сириядағы соғысты сырттан бақылап отырған жоқ. Үкімет пен оппозиция арасындағы қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге белсене араласуда. Сондықтан Астанадан арнайы алаң ұсынып қырық пышақ болған тараптардың бір үстел басында келіссөз жүргізуіне жағдай жасады.

-Шілденің басында сол топтар Есілдің сол жағалауында кезекті рет бас қосады. Қазақ сарбаздарын Сирияға жіберу-жібермеу мәселесі де осы жиында терең талқылануы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

11 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде