Төтенше жағдай: Шымкентте мұнай базасында жойқын жарылыс болып,бір адам көз жұмды
Шымкентте төтенше жағдай! Мұнда мұнай базасында жарылыс болып, бензин тұрған алып резервуардың біріндегі өрт таңнан бері бойы бермей жатыр. Қызыл жалында қалып, қаза тапқандар бар. Ал тілсіз жаумен күреске күшті жел мен жанғыш сұйықтықты басуы тиіс көбіктің жетіспеуі де кесірін тигізген.
Автор: Бек Әбиев
23.06.2017
Апат «Шымкент мұнай өнімдері» компаниясының мұнай базасында болды. Мұнда бензин сақтаулы тұрған резервуарлардың бірінен шыққан жарылыс, алапат өртке ұласқан. База орналасқан Қарабастау ауылының тұрғындары болса, өздерінен таңертеңнен бері тыныштық кеткенін айтады. Мұндағы жұрт таңғы 8-дер шамасында құлақ тұндырарлық жарылыстан шошып оянған.
Абай Ақашов, Қарабастау ауылының тұрғыны:
-Тарс-тарс ете қалды. Қызыл жалын алапат болды. Кейін оқиға орнына өрт сөндіру көліктері келді.
Жарылыстың себебі әлі белгісіз. Десе де, жұмысшылар бензин толы цистерналардың бірін ашқан кезде жарылыс шықты деген болжам бар. Ал, оқиға орнында жұмыс істеп жүрген 46 жастағы оператор Төрехан Лесбаев сол жерде жантәсілім етіпті. Қызыл жалынды ауыздықтауға келген өрт сөндірушілердің тағы екеуі қара түтінге уланып, ауруханаға түскен. Қазір мұнай базасының аумағын полицейлер толық қоршауға алып, жедел-жәрдем көліктері кезекшілік етіп жатыр.
Өрт сөндірушілердің жұмысына күні бойы соққан жел де, көбіктің жетіспей жатқандығы да кедергі келтірген. Өрт сөндіру техникасы суды тіпті жақын маңдағы арықтан алып жатыр. Ал, көлеміне келер болсақ, 200 шаршы метр. Әйтсе де, өртеніп жатқан резервуардың ішінде мыңжарым тонна жоғары сапалы бензин болғандықтан қатты жанды. Абырой болғанда қызыл жалынның қалған 9 қойманы шарпуына жол берілмеді.
Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
-Өртке оранған бір резервуар. Бұл жерде көлемі 3 мың тонна жанар-жағар май сақтайтын сыйымдылық. Өрт сөндіру жұмыстарын жүргізу кезінде осы резервуардың ішінде 1 жарым мың тонна АИ-92 жанар-жағармай бар болғаны анықталған.
Әзірше бүкіл Шымкенттің өртке қарсы қызметкерлері осында жұмыс атқарып жатыр. Қызыл жалын ауыздықталған соң арнайы комиссия құрылып, нақты себебі мен келген шығын көлемін анықтайтын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!