Алматылықтар жерасты өткелдерімен жүруге қорқып қалған
Алматыда жерасты өткелдері тұрғындардың зәресін алатын жағдайға жеткен. Не жарығы, не тазалығы жоқ жермен жаяулар да жүруді қойған. Өйткені, мүңкіген исі былай тұрсын, қараңғы жерден өтудің өзі қауіпті. Ал қала басшылығы өткелдердің жағдайынан хабарсыз болса керек. Барлығы күн сайын тазаланып тұрады дегеннен танбай отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.06.2017
Жаяулар үшін қала ішінде жерасты өткелдері жетерлік десек те көпшілігінің санитарлық жағдайы сын көтермейді. Кіреберістегі мынадай сыраның бөтелкелері дегеніңіз көзге үйреншікті көрініс. Жарыққа да жарымай тұрғанын аңғару қиын емес. Қазір ішіндегі жағдай қандай екенін өз көзімізбен көрейік.
Ішінің де оңып тұрғаны шамалы. Шашылған қоқыстан бөлек, жағымсыз иіс жүректі айнытады. Көбіне қаңырап тұратын мұндай жер қысы-жазы қаңғыбастардың мекеніне айналған. Қараусыз жерде қажетін өтей беретіндігін мына іздер айғақтап тұр.
Динара Фархатова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жерастымен жүрмеймін мен. Жерастымен жүруге қорқам. Өйткені, оның асты біріншіден сасық, екіншіден қараңғы, үшіншіден түнде жүрсең Құдай біледі қалай болатынын. Күндіздің өзінде қорқынышты ғой, қап-қараңғы оның іші.
Қала бойынша осындай өткелдер саны 50-ден асады. Солардың ішінде базар маңайы мен шет аумақтағылардың жағдайы тіпті қиын.
Марина Кислюнина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қабырғалары кір-қожалақ, исі жаман, іші толған қоқыс. Қорқынышты. Қанша күш жұмсап осыны салды. Бірақ ешкім пайдаланбайды. Кім көрінген келіп білгенін істеп кетіп жатыр.
Қаладағы бүкіл жерасты өткелдерінің басым бөлігі әкімдік жанынан құрылған серіктестіктің қарауына берілген. Біршамасы әкімдіктің өз қолында. Ал, шенеуніктер болса барлық нысанда санитарлық тазалық сақталады дегенді сеніммен айтып тұр.
Айдын Сайлаубай, Алматы қаласы қаржы басқармасы басшысының орынбасары:
- Әрбір жер өткелі баланста тұрған ол тазаланып тұрады. Сіздер барып көрген кезде шашылып жатса, оны күнде шашылып кетеді де ол кешке уақытысында тазаланып тұрады. Конкурс өткізіліп, конкурентный ортаға берілген нәрсе ғой.
Ал кір-қожалақ болып жатқан жерлер әкімдік қарамағынан құрылған компанияның ағаттығы екен. Жекелеген сәттер бойынша компанияға басқарма тарапынан шара да қолданылыпты. Енді сол бос тұрған жерасты жолдары жеке кәсіпкерлерге берілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!