{metadescription}
Ақтөбеде айлығы қысқарған мұнайшылар шу шығарды
Ақтөбеде айлығы қысқарған мұнайшылар шу шығарды

Ақтөбеде айлығы қысқарған мұнайшылар шу шығарды

Батыстағы мұнай алпауыты - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» Арал апаттық аймағында тұратын жұмысшыларының экологиялық үстеме ақысын қысқартып тастаған. Қос бірдей ауданнан қатынап істейтін мұнайшылар бұған үзілді-кесілді қарсы. Түрлі құзырлы органдарға да шағымданған. Бірақ ешбірінің мұнайшыларды қолдағысы жоқ. Керсінше қытайлық инвесторларды жақтап отыр. Жұмысшылардың жанайқайын Жаңалық Ахаш тыңдап келді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында Ақтөбе облысының Шалқар ауданы мен Қызылорданың Арал ауданынан төрт жүзге тарта жұмысшы қатынап істейді. Экологиялық апатты аймаққа жататын қос аудан тұрғындарына заңға сәйкес еңбекақысына тағы елу пайыз ақша қосып төленуі тиіс. Биыл мұны қытайлық инвесторлар отыз пайызға қиып тастапты.

Шамиль Тухватулин, жұмысшы:

-Біз алып отқан артық 45 мыңды көпсінді ме екен? Оған дым да емес шығар. Бізге ойдай ақша. 45 мың теңгеге ертең мен баламды мектепке киіндіремін. Үш қап ұн алып беремін мысалы. Тамақ алып берем. Қазір онсыз балаларым жылап отыр. Бізді совсем адамға санамайды. Сөйлескісі келмейді ана басшылар.

Дәуренбек Жамбылов, жұмысшы:

-Осы ақшаға қарап мысалы кредит те алдық. Шаруа да істейді. Аяқ астынан алып тастағаннан кейін кредитімізді, немізді төлеу қиын болып кетті. Оның үстне тамақ, жол қымбаттап жатыр.

Соңғы уақытта мұнайшылар арасынан Арал мен Шалқар ауданына уақытша есепке тұрушылар көбейген. Сондықтан қытайлық инвесторлар, қарамағында істейтін барлық жұмысшыларға бірдей жәремақы төлеуді ұйғарыпты. Өйткені, мұнай өндіретін Мұғалжар мен Темір аудандары дағдарысты өңір деп танылған. Сол жерде жұмыс істейтіндерге 20 пайыз қосымша ақы төленуі керек. Енді «СНПС-Ақтөбемұнайгаздағылар» Арал апаты аймағында тұратындардың ақшасын азайтқанымызбен, керсінше экологиялық үстеме ақы алатындар санын көбейтіп алдық деп өкініп отыр.

Махамбет Санжанов, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары:

-Кім қай жерде жұмыс істейді сол жерден компенсация алады деген. Біздің есеп бойынша 903 адам бізде елу процент алып жүрсе, қазір аз алады. Ал 2154 адам қайта оның үстіне көп алады. Есептеп қарағанда 100 миллиондай артық төлеп жатырмыз.      

Мұнай компаниясын тексеріп шыққан еңбек инспекциясындағылар да еш заң бұзушылық таба алмағандарын айтады. Керсінше экологиялық жәрдемақыны тұрғылықты жері емес, жұмыс істейтін аймағына сәйкес алуы керек деп отыр.

Мирболат Райымқұлов, Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасы басшысы:

-Оны бізде қосымша қарадық. Мына заңға да қайшы емес бұл. Шын мәнінде де бұрын түсінбей жүргендері ешкімнің осуществляющий трудовой дейтельность в данных зонах деген. Сол жерде жұмыс істеуі керек.

Арал апаттық аймағында тұратындардың жалақасына қосылатын үстеме ақыға қатысты бұл алғашқы дау емес. Мұнайшылардан бұрын шалқарлық теміржолшылар да сотқа дейін шағымданған еді. Ақыры олар жеңіп шығып, қазір айлықтарына елу пайыз қосып алып отыр. Енді «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» жұмысшылары да соттан төрелік күтпекші. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде