Оралда нәрестесін жертөлеге тастаған бейбүйрек ана іздестіріліп жатыр
Нәрестесін жертөлеге тастаған! Оралда туғанына шамамен екі апта болған ұл бала жаңадан салынып жатқан ғимараттың астыңғы қабатынан табылды. Құрылыс алаңында қараусыз қалса да сәбидің денсаулығына ешқандай зиян келмепті. Қазір жергілікті полиция жұртпен бірге жабылып безбүйрек ананы іздестіріп жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.06.2017
Әлі есімі қойылып үлгермеген ұл баланы кеше кешкісін құрылыстың төменгі қабатындағы мына қуыстан қарауыл тауып алыпты. Сол бойда дереу полиция мен жедел жәрдем шақырып, сәби балалар ауруханасына жеткізілген. Тұла бойын тексеріп шыққан дәрігерлер баланың жағдайы жақсы деп отыр.
Сәния Қалижанова, БҚО Көпсалалы балалар ауруханасының аға медбикесі:
- Түскен кездегі жағдайы өте жақсы. Салмағы 3 келі 340. Тамақтануы, үсті таза, кіндігі суланбаған, тамақ ішуі жақсы.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің туғанына шамамен 10-14 күн болған. Әкелген кезде үстіндегі киімі де тап-таза болыпты. Осындайда қиын жағдайға тап болып едім деп жазып қалдыратын аналарының бір тілім қағазы бұл сәбиден табылмаған.
Динара Абдулкаликова, Орал қалалық жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:
- Қазіргі уақытта Орал қалалық ІІД тергеу жүргізіп жатыр. Анасының аты-жөні анықталуда. Және «жаңа туған нәрестені қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады.
Көкек ананың өзін полиция бүгін екінші күн қатарынан ит қосып іздеп таппай жатыр. Ол табылмайынша, сәби ауруханада болады. Ал, ізім-ғайым хабарсыз кетсе, жетімдер үйіне біржолата өткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!