Сенатқа кімдер өтті?
Елімізде бүгін Сенат сайлауы өтті. 14 облыс пен Астана, Алматы мәслихаттары депутаттарының дауыс беруімен алғашқы 16 сенатордың есімі белгілі болды. Он алтының 12-сі жаңа есімдер болса, төртеуі қайта сайланып отыр. Араларында әкім орынтағын сенаттың жұмсақ креслосына ауыстырғандар да бар. Жаңарумен қатар жетінші шақырылым құрамы, бұрынғыға қарағанда, біршама жасарып та қалған.
Автор: Азамат Алдоңғаров
28.06.2017
Сенат сайлауының елдің саяси өміріндегі салмағы, жоғарғы палата болса да мәжілістікіне жетпейді. Оған себеп, төменгі палатаға партиялық тізіммен болса да халықтың өзі сайласа, бұнда тек дайын нәтижесіне көнуден басқа амал жоқ.
Яғни, бір депутатты келесі депутаттар сайлайды. 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларының мәслихаттары қас-қағым сәтте су 16 сенаторды анықтап берді. Енді олар 6 жыл бойы заң шығарумен айналысады.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
-38 үміткердің 31-і өзін-өзі ұсынған азаматтар, жетеуін мәслихаттар ұсынды. Ішінде 3 әйел азаматы бар. Және іс басындағы сенаторлардың ішінен 4 сенатор кандидат ретінде тіркелген. Қазіргі алдын ала қортындыға қарайтын болсақ, сайланғанын көреміз.
12 су жаңа сенатордың арасында Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев бар. Және жалғыз әйел депутат – Динар Нүкетаева. Ол Алматы қаласынан сайланған. Сайлау комиссиясы жетінші шақырылымның жасарғанын айтады. Орташа жас 52. Жастау болғанына қарамастан, жаңа құрамның жүгі ауыр дейді сарапшылар.
Серік Бейсембаев,саясаттанушы:
-Себебі конституциялық реформаларға байланысты мемлекет басшысы арасынан сенат депутаттарының алдына қойылатын жаңа мақсаттар болуы мүмкін. Сол мақсаттар қазір қаншалықты орындалады, алдағы 2-3 жылда көретін боламыз деп ойлаймын.
Ал қайта сайланған ескі сенаторлар Бақтиярұлы, Шелпеков, Қылышбаев және Нұрғалиевтер. Оларға өңір мәслихаттары қайта сенім артып, мандат алуға мүмкіндік берді. Ал жалпы 47 сенатордың 15-ін президент тағайындайды. Тағы 16 депутаттың өкілеттіктері әлі біткен жоқ. Сондықтан олар алтыдан жетінші құрамға тер төкпей топ ете қалады. 92 миллион теңге жұмсалған сайлауда жеңіске жеткендер енді алты жыл Есілдің сол жағалауында тұрақтайды. Жайлы орынтақ, жоғары жалақыдан бөлек, алғашқы рет сенатор атанғандардың саяси мансабын көтеруіне зор мүмкіндік бар.
Ал жергілікті мәслихаттар су жаңа сенаторлардың тағдырын жанама дауыс беру арқылы бір-екі сағатта шешіп тастады. Соңғы, бекітілген тізімді Орталық сайлау комиссиясы алдағы бірнеше күнде ресми түрде жариялайды. Сайлау туралы заңға сәйкес өңірлік комиссиялар екі күн ішінде орталыққа хаттама жіберулері тиіс. Бірақ бұл ресми рәсім сайлау қортындысына әсер ете қоймайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!