Олжа: Алматыда асфальт астынан ерекше жұмыр тас табылды
Асфальт астында қалған тарих. Алматыда көшелерді жөндеу барысында Верный кезінде төселген жұмыр тасты жол табылды. Тарихшылардың пайымдауынша, қаланың іргетасы қаланған соң орталықта осындай ерекше көше жасалған екен. Бірақ қала әкімдігі оны 1930-34 жылдары салынған кесек тас деп отыр. Осыған орай сәулетшілер күрделі жөндеу жұмыстарына өзгерту енгізіп, ескінің көзін жаңалық етіп таныстырудың амалдарын қарастыруда.
Автор: Олжас Байжан
29.06.2017
Жаңасын жасамақ болып ескісін тапты. Алматыда қала көшелерін жөндеу барысында кесек тастан қаланған тарихи мәні бар ерекше жол табылды. Асфальт астында сол күйінде қалған көне жол жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Ал тарихшылар кейбірі өткен шаққа оралғандай.
Алмас Ордабаев, тарихшы:
-Бұрынғы Киров көшесі расымен де кесек таспен жасалған болатын. Ол жерде қазу жұмыстары басталмады. 60-шы жылдардың басында ғана асфальт төселді. Сол тастар көшеге ерекше әдемілік беретін.
Мына кадрларда жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдары Мәскеудегі Қызыл алаңға ұқсас етіп салынған жаяу жүргіншілер жолы көрсетілген. Оның құрылысы басталған сәт және аяқталғаннан кейін оқушылардың биі де камерадан тыс қалмапты. Қала билігі 1930-34 жылдары кесек тастан жасалған тарихи жолды таптық деп жария еткенімен, мамандар жолдың тарихы ода да әріден бастау алатынын айтуда.
Алмас Ордабаев, тарихшы:
-Бұл жол Верный кезінде қалануы мүмкін. Себебі, патша заманындағы үлгіге тән сәйкестіктер бар. Мәселен жұмыр тастар белгілі бір рет бойынша төселіпті. Оның тарихына міндетті түрде үңілуіміз керек.
Кезінде үкімет үйі болған ғимараттың айналасындағы ерекше жол қазіргі Фурманов, Бөгенбай батыр және Панфилов көшелерін жалғастырған. Алматының қазіргі билігі қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, орталықты жаяу жүргіншілерге қолайлы етуді көздеп отыр. Онда көлік қозғалысы шектеліп, субұрқақтар мен демалыс орындары салынбақ.
-Кездейсоқ табылған кесек тастар қолға алынған жөндеу жұмыстарына айтарлықтай өзгеріс енгізетін болады. Бірінші кезекте сәулетшілер мен жобалаушылар барлық істі саралап шығып, тарихи мәні бар тастарды қайда және қалай қалайтындығын шешуі тиіс. Қазірше оның Панфилов көшесінің бойында орналасатыны жайлы сөз қозғалып жатыр. Ал жұмыстың шығыны мен орындалу мерзімі әлі пысықталуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!