Өскеменде тұтқынды жабылып азаптады деп айыпталған полицейлердің соты айқаймен аяқталды
Өскеменде тұтқынды жабылып азаптады деп айыпталған тәртіп сақшыларының соты айқаймен аяқталды. Қамаудағы күдіктіні аяусыз соққыға жығып, одан қалды басына пакет кигізіп тұншықтырған 5 бірдей аға жедел уәкілдің әрқайсысын судья 3 жылға кескен. Алайда, үкіммен келіспеген сақшылардың туыстары бірден прокуратураның алдында барды. Әділдік іздеп айқайға басқан наразы топты басуға қала әкімінің кірісуіне тура келді.
Автор: Аруна Ортай
03.07.2017
Әдетте наразы топқа таяғымен қарсы тұратын тәртіп сақшылары бұл жолы өздері прокуратураның табалдырығында кетпей тұрып алған. Бар талабы – әріптестерінен тұтқынды азаптады деген айып алынсын дегенге саяды. Айтуларынша, қамаудағы күдіктіге ешкім қолының ұшын да тигізбепті.
Назгүл Жамбасова, сотталушы Ерік Ілиясовтың әпкесі:
-Олардың кінәсі жоқ! Оған дәлел бар. Сондықтан, істі қайта қарауды талап етеміз. Егер сондай жауыз болса, оларды қолдауға осыншама адам жиналар ма еді?! Әділдік сұраймыз! Прокурорға келген себебіміз де сол!/
Криминалдық полиция бөлімшесінінің бес бірдей жедел уәкілі кәсіпкерге шабуыл жасағандарды тергеген. Шағымды сол күдіктілердің бірі түсірген. Айтуынша, тәртіп сақшылары оған оқиға орнынан қашып кеткен сыбайласын ұстап беруі үшін күш қолданыпты. Соққыға жығып, одан қалды басына пакет кигізген. Осылайша, қылмысты тергегендер күтпеген жерден өздері бақандай үш жылға сотталып кетті. Сот үкіміне қарсы шыққан құзырлы органдардың әрекеті жақында тағайындалған жас әкімнің зәресін ұшырды.
Қуат Тұмабаев, Өскемен қаласының әкімі:
- Жұмысқа келе жатыр едім, жиналып тұрғандарды көріп қалдым. Бірақ менің қолымнан келер қайран жоқ. Әкім ретінде араша түсе алмаймын. Өйткені, баршаға белгілі заң бәріне бірдей.
Десе де, әріптестері үшін араша түскен топты қала әкімі Тұмабаев та тарқата алмады. Есік алдынан кетпей тұрып алған тәртіп сақшыларын ақыры облыс прокурорының өзі қабылдады.
Ерғали Мәбиев, ШҚО прокуроры бірінші орынбасарының міндетін атқарушы:
-Облыстық сотқа қайта шағым түсіреді деп келістік. Прокурор сотталғандардың туысын өзі қабылдап, арыздарын асықпай тыңдап алды. Істің мән-жайын міндетті түрде анықтайтын боламыз.
Бір терінің пұшпағын илегендер істі қайта қарауға келісті. Ал полициядан қорлық көрдім деп шағым түсірген күдіктінің өзі бұған дейін үш мәрте істі болған көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!