Арқа төсінде дүбірлі той басталды
Арқа төсінде дүбірлі той! Биыл бас қаланың іргесі қаланғанына тура 19 жыл. Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін атап өтуді ресми түрде бастап берді. Мерекенің бастауы саналатын байрақтың көкке көтерілгені сол еді, Елорда аспаны ән мен күйге бөленіп, барлық жерде думанның дауысы естілді. Ал көптің асқан қызығушылығын тудырған мерекені өз көзімен көру үшін Астанаға шетел мен облыстардан қонақтар әлі де ағылып келіп жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
04.07.2017
Күллі ел асыға күтетін мерейлі мерекені атап өтудің өзіндік дәстүрі бар. Яғни, ең алдымен - көк байрағымыз көкке көтеріледі. Бұл Астана күнін тойлаудың басы болып саналады.
Биыл да Елорда жұрты осы дәстүрден жаңылмай, биіктігі 111 метрлік алып ту салтанатты түрде көкке көтерілді. Сөйтіп, Елбасы Астана күнін атауды ресми түрде бастап беріп, байрақтың маңызы туралы сөз қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті
- Әр мемлекет үшін әр азамат үшін ту деген мәңгілік өте үлкен құндылық болып саналады. Кезінде 25 жыл бұрын бірнеше мәтінін алып келгенде тудың мен бірнеше түсті жолақ емес, аспан түсті түс болғанын қаладым. Ол дұрыс жол сілтеу деген сөз елге бірлік. Бәріміз бірміз. Бір түстіміз, бір ойдамыз. Бір жүректеміз, бір отанымыз бар.
Кейін осы көкте желбіреген көк ту астында Елбасы жоғарғы әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге лейтенант шенін табыс етті. Алғашқы «жұлдызды» иеленген қыз- жігіттердің қуанышында шек жоқ. Өйткені тұңғыш шендерін Қарулы Күштердің Бас қолбасшысының қолынан алып отыр.
- Мен үшін бүгін аса қуаныш. Елордамыздың мерекесінде өзіңіздің қолыңыздан әскери шен алу әрбір сарбаздың арманы деп білемін.
Арманы орындалған сарбаздар кейін Елбасымен суретке түсіп, соңы әскери шеруге ұласты.
Мерекенің ресми түрде басталғаны сол екен, барлық жер думанға айналды. Жан-жақтан меймандар да ағылып келіп жатыр. Оның үстіне биыл Елорда ның 19 жылдығы ЭКСПО-ға тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан көрмеге дейін құлпырған бас қала одан сайын түрленіп кетті. Әсіресе, Есілдің сол жағалауы көздің жауын алады. Ал мейрам күндері полицейлер күшейтілген жұмысқа көшіп, көшелерді мыңнан астам тәртіп сақшысы бақыламақ.
Осылайша, алдағы 3 күнде Арқа төсінде дүбірлі той. Яғни, 100-ге жуық түрлі шаралар жоспарланған. Бірақ олардың ең қызығы 6 шілдеде өтеді. Дәл осы күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өз туған күнін тойламақ. Мерейлі қос датаға орай Есіл жағалауында бұрын-соңды болмаған отшашу болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!