Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Талдықорғанда дүниеге келді
Ал сәби екі айдай бұрын туылған екен. 18 миллионды түгендеп жұлдызы жанған Мүслима Саматқызының ата-анасына Алматы облысының басшысы Амандық Баталовтың өзі «бауы берік болсын» айта келіп, шақалаққа үш бөлмелі пәтер берілетінін жеткізді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
05.07.2017
Самат пен Диана болған жағдайға сенер-сенбесін білмей абдырап жүр. Жалдап тұрып жатқан екі бөлмелі пәтерлері әп-сәтте қара құрым елге толып кетті.
Басқа емес, облыс әкімінің өзі үйдің есігін қағып, қоластындағылармен кіріп келгенде қарапайым отбасы естерінен танып қала жаздаған. Өйткені аймақ басшысы келеді деп үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Ал, отбасыға қуанышты хабарды кеше кешке қала әкімі Бағдат Қарасаев телефон арқылы жеткізген екен.
Диана Омарханова, Мүслиманың анасы:
-Шыны керек өте қатты толқып, сенбеушілік болды. Қандай қуаныш болса да бақыт әкеледі ғой. Бұл менің ата-енемнің жетінші немересі. Жеті деген ерекше сан ғой, бұл енді ерекше бала болып дүниеге келді. Бастысы балам аман болсын, маған сол керек. Тіл-көзден аман болсын.
Ерлі-зайыптының бірі мектепте психолог, екіншісі ефектолог болып жұмыс істейді. Бұған дейін екеуінің 3 жастағы Сұлтан есімді ұлы болса, енді Мүслиманы дүниеге әкеліп отыр. Жаңа туған шақалаққа әке-шешесі шығындалып әуре болмайды. Өйткені нәрестеге қажетті құрал-жабдықтың бәрін аймақ басшысының өзі арқалай келген. Сыйлық мұнымен шектелмеді, Мүслимаға үш бөлмелі пәтер берілетін болды. Тек құрылыс жұмыстарының аяқталуын күту ғана қалған.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
-Қыркүйекте үй тапсыарамыз. . Сол жерден жақсы, екінші , үшінші қабаттан пәтер таңдап аласыздар.
-Рахмет, ура!!
Мүслима Саматқызы 11-ші мамыр күні дүние есігін ашқан. Салмағы 3 келі, бойы 51 см болып туылыпты. Бірақ осы сәбидің еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны боларын ешкім білген жоқ. Оны анықтау үшін, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетіне екі айға жуық уақыт қажет болған. Ондағылардың айтуынша, халқымыздың саны 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша 18 миллион 14 мыңнан асыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!