Алматыда бала өлімімен аяқталған жол апаты жабулы қазан күйінде қалды
Алматыда болған қайғылы жағдайға қатысты қозғалған қылмыстық іс көп ұзамай тоқтатылған. Тергеушілер оқиғадан қылмыс құрамын таппапты. Есігінің алдында ойнап жүрген баласынан қапелімде айырылған ата-ана болса, осы оқиғаға қатысы бар жүргізушіні түрмеге қамата алмай жүр.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.07.2017
Бұл бөлменің есігінің жабық тұрғанына жылдан асқан. Бірінші сыныпты енді бітірген Бористің оқу құралдары, компьютері мен ойыншықтарына дейін орнынан қозғалмаған қалпы тұр. Жалғызынан айырылған ата-ана қаралы күнді естеріне алғысы да келмейді. Көлік тізгінінде отырған әйелге де ешқандай кешірім жоқ дейді.
Наталья Музыка, Б. Васильченконың анасы:
-Мен ол адамды ешқашан кешірмеймін. Істеген әрекеті де адамдыққа жатпайды. Баламыздан айырылғанымызға жылдан аса уақыт болды. Бір ауыз кешірім сұрап келген жоқ.
Үй маңында ойнап жүрген Борис Васильченконы осыдан бір жыл бұрын мына жолдың бойында қағып кеткен. Қатты соққыдан ұшып кеткен бала жол шетінде тұрған көліктің астына барып кіріп кеткен. Осы жайттан кейін тасжолға салынған мына жол кедергісі Бористің өліміне қойылған ескерткіштей көрінеді. Ал осы оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір жабылып қалған.
Анатолий Васильченко, Б. Васильченконың әкесі:
-Қылмыстық істің материалдарына қарасам, әділдік ешқашан орнамайтын сияқты. Жол апатына кінәлі адамнан түсінік алынып, іс барысы тек соның айтуымен ғана жүргізілген. Бірақ, біз осының жолында өмірімізді сарп етсек те аяғына жетпей тынбаймыз.
Қалалық ішкі істер департаментінің мәліметінше, осы оқиғаға қатысты 8 бірдей сараптама жасалған. Соның жетеуінде жүргізушінің еш кінәсі жоқ деген қорытынды жасалыпты. Ал ашулы ата-ана істі бұлай қалдырмас үшін Жоғарғы сотқа шағымданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!