Өткенге оралу: Астананың қақ ортасында көне Бозоқ қорғаны пайда болды
Көшпенділердің ортағасырлық сәулет өнері үлгісімен салынған қалашық көпшілікке қазақтың бағзы болмысын таныстыруы тиіс. Бүгін ашылған тарихи кешеннің келем деушілерге қыркүйекке дейін қақпасы ашық. Ортағасырлық қаланың қызығына біздің тілшілер де куә болып қайтты.
Автор: Азамат Алдоңғаров
06.07.2017
Бүгінгі Астана – көне Бозоқ қалашығының мұрагері. Есіл мен Нұраның бойында сегізінші ғасырда дәурені жүріп тұрған шахар керуен жолдарында орналасқан еді. Сондықтан жаңғыртылған этно-мәдени қалашықта сол кездегі рух сақталған.
Зарина Сүлейменова, жол нұсқаушы:
-Мысалы ханның ордасы, ханның тағы, Сақ ханшайымының тәжі бар. Қолөнершілердің жәрмеңкесі қазір болып жатыр. Менің ойымша бұл қалашықта әрбір келуші өзін ортағасырлық қалаларда жүргендей сезіне алады.
Көшпенділердің өмірін көзбен көріп, жаныңмен сезіну үшін сол кездегі тарихи оқиғалар сахнада қойылды. Оны тамашалап болған халық қалашықтың басым аумағын алып жатқан үлкен жәрмеңкеге бас қойды. Гүлжахан Жақыпова Астанаға сонау Сарыағаштан келіпті. Өзіне тақия бұйырғанына мәз.
Гүлжахан Жақыпова:
-Балаларымызға тақия алдық, өзімізге қолшатыр алдық. Әмиянды 1500 алдым, бас киімдерді балаларға 2000 алдым.
Көне, көшпенділер қаласында сауда қызып тұр. Тиіп кетсең, теңге шығады. Халық үшін ұсынылған жалғыз тегін ермек – театрландырылған көріністер және садақ ату. Тегін болғандықтан бұл жерде халықтың қарасы қалың.
Түске қарай, қалашыққа қонаққа әкім Әсет Исекешевтің өзі келді. Қала басшысы бұл жәрмеңкеден құр қол кетпеймін, балаларыма ойыншық аламын дейді.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
-Мақсатымыз халықымыздың төл мәдениетін тұрғындарға, балаларымызға, келген шетелдік қонақтарға көрсету. Олар концерт, спорттық шаралар, қолөнер шеберлерінің бұйымдары және жәрмеңке ұсынылды.
Ал мына қонақтар жас Астанаға көне астанамыз – Омбыдан арнайы келіпті.
Юрий Боронец. турист:
-Қазір киіз үйлерге кіріп көреміз, танысамыз. Бурабайдан бастап жолда ұлттық тағамдармен танысып келеміз. Ет пен қамыр өте ұнайды.
Бірақ қалашықтың асханасында қазақтың еті жоқ. Көне қала тұрғындары ет жемеді ме, әлде бүгінгі кәсіпкерлер ерінді ме, дастарханда көз үйренген самса, бәліш, құймақ. Сыртта палау бастырылып жатты. Десе де ошақ басындағы бұл олқылық қала күнін тойлауға келгендердің көңілін түсірген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!