6 шілде: Астананың туған күні қалай тойланды?
Әуезді әуен, мың бұралған би және көтеріңкі көңіл-күй! Арқа төсінде Астана күніне орай дүбірлі той өтіп жатыр. Жалпыхалықтық мерекеге айналған бұл күні Елорданың кез-келген жерінде думан. Бас қалаға ат басын бұрған қонақтарды сол шаралардың ауқымдылығы таңқалдырып жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
06.07.2017
Елорда жұрты бүгін ұйқыдан әуезді әуеннің үнімен оянды. Өйткені қала күніне орай «Астана самалы» фестиваліне қатысушылар ірі даңғылмен осылай думандатып жүріп өтті. Үрмелі аспаптар оркестрінің 200-ге жуық өнерппазы түрлі классикалық шығармалардан бастап, заманауи туындыларды орындап жұрттың көңілін көтерді. Ал мәре сызығына жеткенде би де билеп берді.
Жол бойын жағалаған астаналықтар мен қала қонақтарының қуанышында шек жоқ. Ерекше концертті суретке түсіріп, музыканың ырғағына ілескендері би билеп жатыр. Жалпы қазақ елінің ортақ мерекесіне айналған мерейлі күні Астана аспаны ән мен күйге бөленіп, 70-ке жуық шара өтіп жатыр. Яғни кез-келген алаң бос емес. Ауа райы мың құбылып, арасында жауын жауса да барлық жерде концерт, мың бұралған бишілер мен көңілді халық.
Тұрар Кенеева, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Бүгін пойыздан түс3п аралап жатырмыз. Бәрі жақсы көңілді. Гүлзарға оранған қаланың бәрі.
19 жасқа толған Астананың туған күніндегі шаралардың ауқымдылығы қала қонақтарын тіпті таң қалдыруда. Әсіресе шетелдіктерді. Оның үстіне мереке «Экспоға» тұспа-тұс келгендіктен Елордада туристер көп. Солардың бірі – ұлыбританиялық Паул Гаттрич.
Паул Гаттрич, турист:
-Астанаға көрмені көруге отбасымды ертіп келгенмін. Бірақ онда әлі барып үлгермедік. Себебі, халықпен бірге қала күнін тойлап жүрміз. Астана өте керемет қала екен. Туған күніңмен!
Елордалықтар мен қала меймандары үшін думан күн ұясына батқанда да жалғасады. Яғни орталық алаңда әлемге танымал топтардың қатысуымен рок-концерт өтеді. Кейін дүбірлі той соңы бұрын-соңды болмаған отшашуға ұласпақ. Бірақ думан осымен бітеді деген сөз емес. Алдағы демалыс күндері де жұртты түрлі қызықтар күтіп тұр.
Осылайша Астанада мейрам ерекше тойлануда. Ал, Елорда күні мемлекеттік мереке болғандықтан елімізде төрт күн бойы демалыс. Сондықтан аймақтар мен алыс-жақын шетелдерден қонақтар әлі ағылып келіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!