Дау: Алматы облысында көші-қон полициясының бір күнде ғайып болуы жұрттың ашуын туғызды
Құжат машақаты көбейе түсті! Алматы облысының тұрғындары бір қағаз үшін ұзақ жол жол жүруге мәжбүр. Өйткені көші-қон полициясының басқармасы аяқасты Алматыдан Талдықорғанға көшіп кеткен. Енді оңтүстік астанаға жақын орналасқан 8 аудан тұрғындарының құжат үшін кемі 300 шақырым жол жүруіне тура келмек. Ал, жұрт бұған наразы. Сондықтан олар бүгін кенеттен қаңырап қалған ғимараттың алдына жиналды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
10.07.2017
Бұл – Алматыда орналасқан облыстық көші-қон полициясы басқармасының ғимараты. Әдеттегідей, таңнан бері мекемеге келушілер көп. Бірақ, құжатын арқалаған жұрт бүгін мұнда кіре алмай, есіктің сыртынан қайтып жатыр.
- Барлық сұрақтарыңызбен Талдықорғанға барасыздар.
Сөйтсек, күзетшіден басқасы Талдықорғанға көшіп кеткен екен. Бұл туралы хабарландыру жазып қалдырыпты. Енді мұның зардабын Алматыға жақын орналасса да, облысқа қарайтын 8 ауданның тұрғындары тартпақ. Өйткені, енді виза алу, сырттан келген қонақты уақытша тіркеу сияқты мәселерді шешу үшін облыс орталығына баруға тура келеді. Ал бұл бізге тиімсіз дейді жұрт.
Нұрқанат Жолманов, Алматы облысының тұрғыны:
- Талдықорғанға бару үшін ақшам жоқ. Ол жерде қонатын жеріміз жоқ.
Бұлардың ашуланатын жөні бар. Себебі, бір құжаттың өзін кейде 3 күн күтуге тура келеді. Ал облыс орталығына күнде қатынау жұрттың қалтасын қағайын деп тұр. Тұрғындар көші-қон полициясындағылардың қоныс аудару туралы алдын-ала ескертпегеніне де өкпелі.
Нұргүл Шапқан, Алматы облысының тұрғыны:
- Алдын-ала айтқан жоқ. Ешкім айтқан жоқ қой. Дүйсенбі күні тіркейміз деді. Сол күні маған айтуы керек еді, Талдықорғанға көшіп кеткенін.
Сондықтан қазір жұрт бос ғимаратты айналшықтап жүр. Әсіресе, дайын құжатын ала алмай жүргендер көп. Бірақ, облыстық ішкі істер департаментіндегілер басқарманың қоныс аударғанын жоққа шығарды. Яғни мекеме ешқайда көшпеген екен. Тек қызметкерлері облыс орталығына уақытша барыпты-мыс.
Жанар Төлегенқызы, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:
- Көші-қон департаменті 6 айды қорытындылау мақсатында Талдықорған қаласына уақытша келді. Ертеңгі күннен бастап Алматы облысы өкілдігіндегі көші-қон қызметінің қызметкерлері бұрынғы режимде қызмет көрсететін болады.
Сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Жұрттың ертеңнен бастап құжаттарын сол ғимаратта реттей беруіне болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!