Жанжал: Пара алды деп күдікке ілінген Фармация комитетінің басшысы Лариса Пак туралы не білеміз?
Астананың сол жағалауы жұмыс аптасын кезекті жемқорлық жанжалынан бастады. Ел төрт күн қатарынан думандатып жатқанда, Денсаулық сақтау министрлігінің бір топ шенеунігінен тергеу қапасында жауап алынып жатты. Яғни жұртты арзан дәрі-дәрмекпен қарық қылуы тиіс Фармация комитетінің басшысының міндетін атқарушы Лариса Пак пен осы комитетке қарасты департамент жетекшілері 10 миллион теңгеден аса пара алды деген күдікпен ұсталды.
Автор: Азамат Алдоңғаров
10.07.2017
-Дүйсенбі Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның мәлімдемесінен басталды. Бұл жолы Фармация комитетінің төрайымы қызметін атқарушы Лариса Пак сыбайластарымен қолға түсті. Арнайы операция өткен аптада болып, күдіктілердің қамауға алынғанына біраз уақыт өткен.
Ал бұл істегі басты күдікті Лариса Пак министрліктің ресми сайтында өзгеріссіз, әлі де комитет басшысы болып тұр. Оның әріптестері оқиғаға қатысты пікір білдіруге асығар емес. Әзір бар ақпарат, ұлттық бюроның құрғақ хабарламасы.
-3 шілде, Жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы қызметін атқарушы Л.Пакты, Павлодар облысы бойынша Фармация департаменті жетекшісі З.Қажынованы, Фармация комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бас маманы П.Имамходжаевты және бас сарапшы Д.Ибраеваны жүйелі түрде жалпы сомасы 10 млн теңгеден асатын пара алғаны үшін ұстады.
Миллиондарды шенеуніктер фармацевтикалық компанияларға көз жұмып лицензия бергені үшін алған. Пак бастаған топ сондай-ақ халыққа тегін үлестірілетін дәрі-дәрмекті көпе-көрнеу қымбатқа алып, қазынаны сауып келіпті. Лариса Пак ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау министрлігінің фармация саласында жүрді. Алпысты алқымдаған шенеунік 2002-2014 жылдар аралығында фармация комитеті төрағасының орынбасары, одан кейін төрайымы да болған. Ал қазіргі Фармация комитеті Денсаулық сақтау министрлігі қайтадан өз алдына министрлік болған кезде құрылған үш су жаңа комитеттің бірі-тін. Жаңа комитет жаңа міндеттерді мүлтіксіз орындауы тиіс еді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Мақсат - отандық фармацевтикалық компанияларды қорғауымыз керек. Және де басқа да мәселелер бар. Олардың арасында біріншіден Елбасымыз тікелей тапсырма қойып жатыр. Ол дәрі-дірмектердің бағасын реттеу. Бұ л осы комитеттің жаңа міндеттері.
Елбасының тапсырмасын енді басқа біреу орындамаса болмайды. Лариса Пактың айыбы сотта дәлелденіп, түрмеге қамалса шенеуніктің басқа уайымы көбейеді. Аталған баптар бойынша барынан айырылып, 15 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Ал мынау Лариса Пактың төрт ай бұрынғы өз сөзі.
Лариса Пак, ҚР ДСМ Фармация комитеті төрайымының міндетін атқарушы:
-2015 жылдан бері дәрі-дәрмек құнын ұстап тұрудың әлемдік озық механизмдері қабылданды. Соның бірі министрлік жанында құрылған арнайы формулярлы комиссия. Оның құрамында мәжіліс депутаттары, фармацевтика саласының мамандары, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер палатасы мен министрлік өкілдері бар. Комиссияның ұсынысымен министр дәрілердің шекті бағасын бекітеді.
Комиссия қандай болмасын, алайда Лариса Пак депутат, фармацевт, кәсіпкер, керек десең Денсаулық сақтау министрінің де өзін сан соқтырды. Себебі, қол астында жүріп пара алды деп күдікке ілінген лауазымды қызметкерінің шатылуы министр Елжан Біртановқа да жақсы ат әкелмейтіні анық. Ал еліміздің бас дәрігері жемқорлық дауына қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!