Азық-түлік бағасын қымбаттатпай ұстап тұруға бөлінген бюджеттің миллиондары депозитте бос жатыр
Қолда бар қаржыны ұқсата алмаған шенеуніктердің кесірінен көкөністің құны аспандап кеткен.
Автор: Досжан Маратұлы
11.07.2017
Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бір жарым миллиард теңгені депозитке салып қойған. Соның кесірінен осы облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы - 8 пайызға өсті.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, пияз, картоп, қырыққабат, сәбіз секілді әлеуметтік тауарлардың бағасын ұстау үшін әр облыста тұрақтандыру қоры құрылған. Ондағы миллиондарға жыл сайын азық-түліктің бір бөлігі сатып алынып, кейін тапшылық кезінде арзан бағамен нарыққа шығарылуы тиіс.Осылайша, бағаны ұстап тұруға мүмкіндік бар. Бірақ сол қорға жауаптылар құнды тұрақтандыруға арналған ақшаны депозиттерде айналдырып табыс тауып жүр дейді вице-министр. Сондықтан тапшылық кезінде баға бірнеше есеге өсіп, алып-сатарлар да ойына келгенін істеп жүр. Ал, премер бұлайша бағамен ойнағандарды қатаң жазалауды тапсырды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Бағаны тұрақтандыруға қатысты жарты жылда бірде-бір келісім орындалмаған. Азық-түлік бағасы аспандай беретін болса, қорларды не үшін құрдық? Сондықтан құрметті әкімдер осы мәселеге жауаптыларды анықтап, қордың жұмысын реттеңіздер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!