Біртанов елді арзан дәрімен қамтамасыз етуі тиіс бағыныштысының тұтқындалуына қатысты пікір білдірді
Осы тұста пара алды деген күдікпен қамауға алынған Фармация комитетінің басшысы Лариса Пакқа қатысты жаңа дерек шықты. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қол астындағы лауазымды қызметкердің істі болуына қатысты түсініктеме берді.
Автор: Азамат Алдоңғаров
11.07.2017
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Жасыратын түгі жоқ. Комитет төрайымының міндетін атқарушы ретінде дәрі-дәрмек сатып алу, соның ішінде «СК Фармацияның» қызметін реттейтін тәртіпті бекіту толық Фармация комитетінің қолында. Сондықтан жұмыс бабы бойынша Лариса Пактың СК Фармациямен байланыста болғаны сөзсіз.
Ал Лариса Пак бастаған топтың пара алуы, ақша жымқыруына қатысты министрдің нақты алып-қосары жоқ. Соттың ресми ақпаратын күтеміз деген ол қызметкеріне араша түспейтін сыңай танытты. Ал жалпы Пактың өзіне қатысты, өз ісінің маманы еді деп қысқа қайырды. Еске салсақ, фармкомпаниялардың жұмысына рұқсат бергені үшін 10 млн теңге көлемінде пара алды, халыққа тегін берілетін дәрілердің бағасын әдейі көтермелеп, қазынаны тонады деген айыппен Фармация комитеті басшысының міндетін атқарушы Лариса Пак және комитеттің өңірлердегі шенеуніктері қазір қамауда отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!