Сағынтаев дәрі-дәрмек нарығын реттей алмай отырған министрлікті сынға алды
Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу саясаты отандық фармацевтиканың дамуына тұсау болуы мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер кейін опық жемес үшін Үкімет басшысынан асығыс шешім қабылдамауды сұрайды. Олар Біртанов ұсынған дәрі-дәрмектің өз құнын ашық жариялау талабы отандық өндірушілерге ғана жүріп, шетелдік компаниялар Қазақстанның ішкі тәртібін пысқармайды деп қорқады.
Автор: Азамат Алдоңғаров
11.07.2017
-Қол жетімді дәрі-дәрмек айналасындағы дүрмек басылар емес. Қомағай фармкомпаниялардың тәбетін тыюы тиіс заң жобасымен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін кезекті рет үкіметке келді.
Бағаны айға қарап қоя беретін компаниялар енді оның қайдан алынғанын тәптіштеп түсіндіруі керек болады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Дәрілердің көтерме саудада және дәріханаларда бағасын реттеу үшін, министрлік жаңа тәртіп жобасын әзірледі. Оған сәйкес, өндіруші өнімін «франко-зауыт» жүйесімен, яғни зауыттан шыққан құнын министрлікке ұсынуы керек болады.
Жалпы, Қазақстанның фармацевтика нарығы бизнес үшін майлы шелпек болып отыр. Ең өкініштісі ең майлы жағы тұтасымен импорттың уысында. 2016 жылы мемлекет 181 млрд теңгеге, қарапайым халық 277 млрдқа дәрі алыпты. Бұл қыруар ақшадан отандық фармкомпаниялардың үлесі 11-ақ пайыз. Ал жаңа ереже асығыс қабылданса, одан да қағылуымыз мүмкін дейді кәсіпкерлер.
Нұржан Әлтаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
-Біз бағаны реттеу кезінде министрліктің әмірі отандық өндірушілерге ғана жетіп, импорттық өнімдер тасада қалып қояды ма деп қорқамыз. Мәселен алпауыт компаниялардың министрлікке өз баға саясатын жайып салуы екіталай. Нарық бағаның дәл осы импортқа өсіп отырғанын көрсетіп отыр. Ал отандықтың құны қалыпты, тіпті шетелдік баламадан төмен. Сондықтан реттеу өз өндірісімізді діңкелетіп, кесірінен контрафакті қаптап кетуі мүмкін.
Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек нарығын реттеуді Елжан Біртановқа ақпан айында тапсырған еді. Тас-түйін заң жобасы күзде парламентке кіруі тиіс. Ал арада алты ай уақыт өткенімен, нарық ырыққа оңай көнер емес.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Бір жарым ай ғана уақыт бар, ал жұмыс көп. Оның үстіне әлі де біржақты реттелмеген мәселелер көп. Өткен жылдардың тәжірибесі есімізде, Самұрық-Фармация құрылған алғашқы жылы өңірлерге дәрі-дәрмек жетпей қалған. Осындай жағдай қайталанбауы керек.
Дәрінің құнын қадағалауды сеніп тапсырған адамы жемқорлықпен ұсталып, аузы күйген министр, Үкімет басшысының бұл ескертуін де дәптерінен түртіп, ескереміз деп шықты. Препараттардың шекті бағасын мемлекеттік реттеудің жаңа талаптары жақын арада қоғамдық талқылауға түседі. Ал дайын заң жобасы күйінде құжат жоспармен қыркүйекте жұмысына тың күшпен кірісетін депутаттардың алдына түсуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!