{metadescription}
Көкшетауда тұрғындар ауланы бүлдірген компаниямен қырқысып жүр
Көкшетауда тұрғындар ауланы бүлдірген компаниямен қырқысып жүр

Көкшетауда тұрғындар ауланы бүлдірген компаниямен қырқысып жүр

Көкшетауда тұрғындар көпқабатты үйлерінің ауласын астаң-кестең еткен компанияны іздеп таппай жатыр. Осыдан бір жарым ай бұрын ағаштарды тамырымен жұлып, темір қоршаулар мен жол жиегіндегі тастарды қопарған жұмысшыларды көріп ауламыз жөнделеді екен деп ойлапты. Алайда ауланы қиратқан олар жұмыстарын аяқтамай, жоқ болған. Енді тұрғындар есік алдына шығудан қалдық деп отыр. Ал құзырлы орындағылар ыңғайсыздық тудырғаны үшін кешірім сұраудан басқа жарытып ештеңе айта алмады.

Аулалары күрделі жөндеуден өтетінін естіген тұрғындар алғашқыда қуанып қалған. Жұмысшылар келіп, темір қоршауларды жұлып, ағаштарды сұлата бастағанда түсіністікпен қарапты. Бірақ компания жөндеуді аяқтамай, мүлдем жоқ болып кеткен. Ал астан-кестеңі шыққан аула тұрғындары енді сүрініп, майып боламыз ба деп алаңдаулы.

Жақсылық Қараболатова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Бұл мәселе туындағалы бір жарым ай болды. Мердігерді қазір өзіміз іздеп жүрміз. Жұмысшылары арақ ішіп, қуыс-қуыста жатты. Қала әкімдігіне, коммуналдық қызметке, бәріне хабарластық. Ештеңе айтпайды. Өлетін болдық мына жерде сүрініп.

Осы «Юбилейный» ықшамауданындағы аулаларды жөндеуге бюджеттен 371 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға астаналық компания 9 ауланы бірдей жөндеу қолдан келеді деп, мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған. Алайда жұмыстың аяқсыз қалуына айтқан уәждері, көтере алмайтын шоқпарды белге байлағанның әрекетін еске түсіреді.

Раушан Ердес, «Тұрбек Астана» ЖШС учаске басшысы:

-Қазір директорымыз Астанада. Ол келіп тұрады. Астанада да жұмыстарымыз бар. Үлгермей жатырмыз. Мында кісі жетпей жатыр. Бір-екі күнде кірісеміз.

Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктегілер болса, жөндеушілердің әлі де уақыты бар екенін алға тартады. Яғни келер жылға дейін тапсыруы керек мердігер аулаларды мерзімінен бұрын қазып тастапты.

Марат Жүнісов, Көкшетау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:

-Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырғанымыз үшін кешірім сұраймын. Олар шынымен үлгермей жатыр. Кешікпей кіріседі. Аулаларыңыз әдемі болады!

Мердігер үшін кешірім сұраған шенеуніктің айтуынша, Көкшетау қаласында қазір 3 ықшамаудандағы аулаларды жөндеу қолға алыныпты. Бірақ әзірге бәрі де дәл осылай астан-кестең күйінде қалған. Осынау жұмыстарға бюджеттен 800 миллион теңге бөлініпті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде