Түркия отандастарымызды далада қалдырған компания басшыларына іздеу жариялады
Ал Түркияға демалысқа кеткен қырыққа жуық қазақстандық турист тағы да далада қалды. Азаматтарымызды теңіз жағасында тынығуға шақырған компания бір күнде өзін банкрот жариялап, миллиондарды қалтасына басып, өздері Кипрге қашып кеткен. Осыдан кейін, сан соққан саяхатшылар Түркияның әр түпкірінен елшілікке бірінен соң бірі хабарласып көмек сұрап жатыр. Осылайша, жағажайдағы жылдағы жағымсыз оқиға биыл да айна қатесіз қайталанды.
Автор: Азамат Алдоңғаров
12.07.2017
Тиімді шартпен теңіз жағасында тыныққысы келген қазақстандықтар кезекті әккі туристік компанияға жем болды. Анталияға асығып жеткен 24 адам соңғы сәтте қонақ үйлері төленбегенін біліпті. Абдырап, бірнеше сағат жүк үстінде отырған отандастарымызды сол жақтағы дипломаттарымыз құтқарып қалған.
Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
-Осы уақытқа дейін барлық турист соның ішінде балалар қонақ үйге орналастарылды. Олар өздерінің демалысын жалғастыруда.
Алданған азаматтарымыздың демалысын біздің елшіліктің қолқа салуымен, басқа бір туристік компания тегін көтерген. Оқиғаның қалай болғанын бізге телефонмен демалысқа кеткен азаматтарымыздың бірі айтып берді.
Ерлан Досмағанбетов, турист:
-Элит клас өкілінің өзі кеше бізбен бірге болып, қонақ үйге жайғастыра алмаған соң қашып кетті. Кейін жабылып жүріп әрең байланысқа шықтық. Сондағы айтқаны: біз банкротпыз, мені енді мазаламаңдар - деп тұтқаны тастай салды. Оның өзі де білмепті. Далада қалғанымызды түсінгенде, айғай-шу басталды.
Ерлан бес отбасымен бірігіп демалыстарына 16 млн теңгені "Элит класқа" санап беріпті. Отандастарымызды алдап соққан түркиялық компания басшысының Қазақстан тумасы екені белгілі. Осыдан 20 жыл бұрын қоныс айдарған, қазір Түркия азаматы, шамамен 4 млн долларды қалтаға басып, Кипрде тұра қашқан. Қазақстандық дипломаттар алаяқты іздестіру үшін жергілікті полицияға шағымданыпты.
Бауыржан Әбдірахманов, Қазақстанның Анталиядағы бас консулы:
-Тергеу амалдары басталды. Түркияның жандармериясы бұл сұрақпен тығыз айналысып жатыр. Себебі демалыс маусымының қызған шағында осындай оқиғаның болуы елдің туризміне кір келтіреді.
Алдаңғандардың арасында Өзбекстан және Әзірбайжан азаматтары бар. Алайда оларға араша түсетін Түркияда елшіліктері жоқ. Алаяқ компанияның жолдамаларын біздің елде сатумен айналысқан агенттік болса, біз бәрін төледік деп өздеріне шаң жуытпайды.
Анна Загоруйко, Touroperator Kompas ЖШС директоры:
-Элит клас бойынша жолдамалардың барлығын он төртінші маусымға дейін төлеп қойғанбыз. Кеше, бүгін, және алдағы екі күнде баратын туристер үшін толық ақша төленді.
Ал Элит класқа жем болған қазақстандықтардың саны артып жатыр. Бір туристерді жайғастырып болған консул Аланьядағы сегіз, және Кемердегі бес отандасымызға көмекке кетті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі шетелге демалысқа шығатын азаматтарымызды жолдамаларын жіті тексеріп алуға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!