Алматыда көлігін бассейнге айналдырған жүргізушіге іздеу жарияланды
Машинасының артқы бөлігін суға толтырып, көше кезген жүгенсіз жүргізушіні полицейлер іздеп жатыр. 4 жігіттің пикаптың жүк салғышында демалып отырған видеосы ғаламторда таралды. Тіпті өздері жасап алған бассейндегі суды әрі-бері шашып, ойына келгенін істепті. Десе де, мұндай заң бұзушылық үшін әбден көңіл көтерген жігіттер емес, көліктің жүргізушісі жазаланбақ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.07.2017
Мұндай көріністі алматылықтар бұрын-соңды көрмеген. Сондықтан көлікті бассейнге айналдырып, көше кезген тентектердің әрекеті көпті таң қалдырды. Тіпті, олар жүк салғышта суға шомылғанымен қоймай, суды әрі-бері шашып, көшенің бойында ойына келгенін істеген. Есесіне мұнысына өздері де, пикаптың жүргізушісі де дән риза.
Жылжымалы бассейнде көңіл көтерген төртеудің бұл әрекетін жұрт қызу талқылап жатыр. Көбі мұны аптап ыстықтан қорғанудың амалы деп тауып, жігіттердің тапқырлығына тәнті болды. Енді бірі жол қозғалысына қауіп төндірген есерсоқтарды жерден алып, жерге салып жатыр.
- Мұндай ыстық ауа райында осылай істеу керек. Жарайсыңдар!
- Иә, жол ережесін бұзған шығар, бірақ халықты таң қалдыра білді.
- Көңілді жігіттерге елдің назар аударғаны жетіспей жүрген сияқты.
Соңғы кездері жүк салғышпен кішкентай балаларды тасымалдайтындар да көбейіп кеткен. Мәселен, мына видеода «Wolksvagen-нің» артында бүлдіршіннің жатқаны анық көрінеді. Бұл үшін оның жүргізушісі жауапкершілікке тартылған. Яғни, 22 мың теңге айыппұл арқалапты. Ал өзі баланы жүк салғышқа қамауын көліктің тым тар болуымен түсіндірген.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
- Оның сөзіне айтатын болсақ, біраз адамдар автокөлігіне сыймаған, сондықтан да кішірек балаларды сол артқа қарай тиейін деп. Енді бұл қауіпті ғой деген сұраққа, оны білем, бірақ амалым болған жоқ деп әлек айтуда.
Осылай жүк салғышты орынсыз пайдаланатындар апатты жағдайларға себеп болуы мүмкін дейді полицейлер. Яғни, көңіл көтеремін деп, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан жолды ойыншыққа айналдырмау керектігі қатаң ескертілген.
Ал машинаны бассейнге айналдырған тентектер полицейлердің өзін таң қалдырған. Өйткені мұндай жағдай қалада бірінші рет тіркеліп отыр. Алайда заң бұзушылық үшін тек көліктің жүргізушісі жазаланады екен. Онда да айыппұлмен құтылмақ. Ал жүк салғышта шомылғандарға заң бойынша жаза қарастырылмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!