{metadescription}
Астанада терезеден құлаған балалар хәл үстінде жатыр
Астанада терезеден құлаған балалар хәл үстінде жатыр

Астанада терезеден құлаған балалар хәл үстінде жатыр

Елордада терезелердің қалыбы өзгеруі мүмкін. Бұл сән үшін емес, қауіпсіздікке қажет. Себебі биік үйлердің терезесінен құлап, мертіккендердің санында есеп жоқ. Астаналық дәрігерлер күнде биіктен құлаған бір сәбидің өмірі үшін арпалысады екен.  Ақ халаттылар бірігіп қол қойып, әкім атына хат жолдапты. Бірақ, әзірге елең еткен ешкім жоқ. Ал терезе жасап сататын кәсіпкерлер болса, ата-аналардың уайымынан тәп-тәуір табыс көріп, түк өзгерткісі жоқ.

Жазда асыр салып ойнағанның орнына мына бүлдіршіндер аурухананың қапасында қамалуға мәжбүр. Жаз басталса дәрігерлердің де қол-аяғы сынған кішкентай пациенттерден қолы босамайды. Ал жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мертігеді. Ал көп жағдайда медицина әлсіз болады.

Жарылқасын Бектасов, № 2 балалар ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:

- Тіпті мүгедек болып қалуы мүмкін. Өйткені оның ауырлығын жол апатымен салыстыруға болады. Тіпті одан көп болмаса, кем емес. Шілдеден бастап  ауруханаға 11 бала түсті.

Өмірі қыл үстінде қалып, қайта туғандай болған бір сәби - төрт жасар Батырхан. Елордаға Керекуден қыдырып келген бала, күрделі отадан енді ес жинап жатыр. Қазір анасы баласының үйіне өз аяғымен қайтуын тілеп отыр. Бағып отырған адамы қол шаюға кеткен қас-қағым уақытта бала далаға сегізінші қабаттың терезесінен бір-ақ аттапты.

Динара Алубаева:

-Сол екі ортада балконға шығып, секіріп түсті. Ата -аналарға айтарым абай болыңыздар. Балаларына қарап терезеге тіреу қою керек.

Батыр баланың қос аяғы сынып, жамбас сүйегі шашылған. Ол кем дегенде он ай емделуі керек. Салғырт ата-аналарға амал таппаған дәрігерлер енді терезенің өзін түзеу керек деп әкімдікке қолқа салып отыр.   

Жарылқасын Бектасов, № 2 балалар ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:

-Бұрын бұндай жарақат тіпті кездеспейтін. Неге десеңіз, баяғы заманда үлкен терезенің жоғары жағында форточка ғана болатын. Одан балалар құламайтын. Ондай жарақат болмайтын.

Алайда терезелерді цехтан қауіпсіз қып шығаруға кәсіпкерлер құлықсыз. Себебі қазіргі қауіпсіздік қондырғылары қып-қызыл табыс. Темір тор көздің ең арзаны 12 мың, ал бекітпе шығыршық бес мың.

Оксана Шу, терезе сатушы:

-Біз терезелердің қазіргі қалыбын өзгерту қажетсіз деп есептейміз. Қосымша қауіпсіздік қондырғыларын орнату жеткілікті. Себебі терезенің өзгерісі қосымша ыңғайсыздықтарға соқтырады. Мәселен, оны сырттан жуу қиындайды. 

Бауыр еті балаң мен тазалықты таразыға тартқан саудагерге дауа жоғын түсінген дәрігерлер проблеманы құрылыс талаптарына бір ғана өзгеріс енгізіп, біржола шешуді қалайды. Алайда істір құлақ таппаған ақ халаттылардың ендігі үміті  Астана әкімінде.  Бірақ бұл ұсыныстың тез шешімін таба қоюы да екіталай. Сондықтан ата-аналарға күні-түні ұл-қызынан көз алмай бағып отырудан басқа амал жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

15 ақпан

14 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде