Тоқтар Төлешов былығын жасыру үшін салықшыларға қанша пара бергенін айтты
Бүгін Шымкентте атышулы олигарх Тоқтар Төлешовке қатысты екінші сот процесі басталды. Түрмеде жазасын өтеп жатқан кәсіпкер енді экономикалық қылмыстары үшін жауап беруі керек. Онымен бірге 8 адам жауапқа тартылуда. Олардың төртеуі – салық инспекциясының қызметкерлері.
Автор: Бек Әбиев
13.07.2017
Сот Тоқтар Төлешов салықтан жалтарғаны үшін, қаржылық және бухгалтерлік есепте жалған мәліметтер көрсеткені және аса ірі көлемде пара берді деген айыптар бойынша өтіп жатыр. Жалпы, бұл сот процесі 4 күн бұрын басталуы керек болған еді. Тек, Төлешовпен бірге айыпталып жатқан 8 адамның 2 қорғаушысы келмей қалып кейінге шегерілген.
Процесс Шымкенттің Еңбекші аудандық сотында өтіп жатыр. Кешіктіріліп басталған бүгінгі отырыста прокурордың айыптау актісі тыңдалды. Айыптау тарапы бір сағат бойы Төлешовтің соңғы жылдарда салықшылармен ауыз жаласып, 1 миллиард 300 миллион теңгеге жуық қаржыны салық ретінде төлемегенін тізбектеп шықты. Прокурордың айтуынша, «сыра королінің» қаржылық құйтыртқысы 6 жыл бұрын басталыпты.
Жасұлан Әділбайұлы, мемлекеттік айыптаушы:
-Тоқтар Төлешов 2011 жылы сыра зауытының шотынан 4 миллиард теңге алған. Кейін қайтара алмаған соң бухгалтерлерімен бірге салықтан жалтарудың әдісін тапқан. Акцизден түсетін жарна мен корпоративті салықты да төлемей келген оның 2011-2015 жылдардың аралығында 1 миллион 65 литр сыраны, құжатта көрсетпей сатып жібергені анықталды.
Айыптау қорытындысы бойынша, зауыттан түсер кірісті қадағалауы тиіс салықшылар мол ауызбастырық үшін сыра зауытының былығына көз жұмып келген. Прокурордың сөзінше, Тоқтар Төлешов қарамағындағы есепшілері арқылы салықшыларға мың АҚШ долларынан бастап, 5 миллион теңгеге дейін пара беріп келген.
Сотталушыларға келер болсақ, тек, Тоқтар Төлешов қана өз кінәсін мойындамайтынын жеткізді. Ал кейбірі, яғни, сыра зауытының бұрынғы бас есепшісі Светлана Лукиных пен бухгалтер Ольга Алакулиевалар тағылған айыпты мойындап отыр. Сондай-ақ, олардың қатарында, Еңбекші аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының экс-қызметкері Мадияр Мұсаев та бар.
Айта кету керек, бүгінгі сотта Төлешовтің туыстарын көре алмадық Өкінішке қарай, журналистерге де сот отырысының соңына дейін отыруға мүмкіндік болған жоқ. Судья Мырзалы Жорабаев, кедергі келтіресіңдер деген желеумен шығарып жіберді. Айта кетейік, Тоқтар Төлешов былтыр қараша айында «адам өлтірді және ұрлады», «қылмыстық топ құрды», тіпті «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болды деген айптармен 21 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Енді жаңадан тағылған айыптар дәлелденсе, экс-олигархтың жазасы ауырлауы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!