Түркияда бір топ отандасымызды тентіретіп жібере жаздаған компания басшыларының кім екені анықталды
Қырыққа жуық қазақстандық туристің ақшасын қалтасына басып, тайып тұрған "Элит класс" компания басшыларының есімдері мен жасырынған мекендері белгілі болды. Кимран Межит пен Расул Ризаоғлы болжаммен 4 млн долларды жымқырып, Грекияда бас сауғалап жүр. Олардың Қазақстанның тумалары екендігі де белгілі. Қазір түркиялық полицейлер олардың нақты мекен-жайын анықтап, Түркияға қайтаруға барын салып жатыр. Бұл оқиғадан соң, демалыс жоспарлаған отандастарымыз алаяқтарға жем болмаудың қамын жасап жатыр. Алайда көз жұмып сенер кепіл жоқ.
Автор: Азамат Алдоңғаров
14.07.2017
Анталияда алданып қалған азаматтарымыздың оқиғасынан сабақ алған отандастарымыз, шетелдік демалысқа жан-жақты әзірлікпен ғана жүк жинауға бекініпті. Асқар есімді жігіт жылына кем дегенде үш-төрт рет шетел ұшып тұрады. Жыл басында Мысыр мен Шри-Ланкада болған жігіт, күз бен қыста Түркия, Араб Әмірліктерін аралауды жоспарлап жүр. Соңғы оқиғадан кейін, демалысын кепілдендіргісі келген ол жүз пайыз сенім жоғын біліпті.
Асқар Медиев, Астана қаласының тұрғыны:
-Өз қалтаңнан ақша төлейсің. Ал келгенде ешқандай демалыс болмайтынын естисің. Сені тек қана елге қайтарады. Ақшаңды қайтармайды.
Асқардың «Туристік Қамқор» қорының кепіліне көңілі толмайды. Бұл ұйым келісім жасалған туристік операторлардың әрбір клиентінен 1134 теңгені өз қорына құйған. Есесіне мынадай кепіл ұсынады.
Асылхан Есілов, Туристік Қамқор қорының директоры:
-Тек қана сол шетелде қалып қойғанда, туроператор өз міндетін атқармаса, біз туристерді шығарамыз. Үйге қайтарамыз.
Демек, демалысыңның шырқы бұзылып, елге келген соң желге ұшқан ақшаңды қайтару үшін сотқа жүгіну керек. Басқа амал жоқ. Себебі, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған бес жүзге жуық компанияның ірі деген бірнешеуі ғана жолдамаларын сақтандырады.
-"Туристік Қамқор" қоры Қазақстанда туристік қызметпен айналысуға 1500 лицензия берілгенін айтады. Ал нақты істе олардың бес жүзі жұмыс істейді де, мыңы қағазда бар, қалада жоқ. Өз кезегінде бес жүздің 62-сі ғана клиентінің кез-келген жағдайда елге қайтатынын кепілдендіріп отыр.Қалғандарына сенім жоқ. Сондықтан шетел асып жағажайда күнге қыздырынамын деп барып көше кезіп кетуіңіз әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!