Алматы облысында 126 отбасы үй-күйсіз қалуы мүмкін
Бас жоспардың кесірінен баспанасынан айрылмақ. Алматы облысында жүзден аса үй қызыл сызықты басып кеткені үшін қиратылуы мүмкін. Бірнеше жыл бұрын жер сатып алып, үй салған Кемертоған ауылының тұрғындары енді қоныстанып, рахатын көре бастағанда жергілікті басшылық жерді босатыңдар деп отыр. Оның орнына шенеуніктер ауылдықтар үшін арнасы кең асфальт жол төсемекші. Алайда тұрғындар әкімдік айтты екен деп орнынан көшкісі жоқ.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.07.2017
Алматыдан аттам жердегі Кемертоған аулында жер дауы өршіп тұр. О баста учаскесін жанжалсыз-ақ заңдастырып, баспанасын салып алғандар айдың-күннің аманында тығырыққа тірелді. Бас жоспардың картасында мына үйлердің барлығы дерлік қызыл сызықтан асып кетіпті.
Гүлзахира Жүнісова, Кемертоған ауылының тұрғыны:
-Менің балам сатып алған. Осы Алматыда жұмыс істеп жүріп, адал бейнетіне сатып алды осы жерді. Сосын ауылдағы үйімізді сатып, осы жерге там салдық, кредит алдық. Сонымен енді бір жылдан кейін келіп, мына жерлерің жолда түсіп тұр, жол-жол деп содан басталды. Міне, 4 жыл болды ма, 5 жыл болды ма сол жолдың дауы басталып келіп жатыр ғой.
Ауыл жұртын әбігерге түсірген мына тектес бірнеше қара жол. Бұрқырап шаңы шығып жатқан жер алдағы уақытта заманауи тасжолға айналуы керек.
-Мына жерден ұзыннан жол түсейін деп тұр, мына теплица қалайын деп тұр. Мына жолдың ұзындығы 15 метр болады былай ұзыннан ана басқа дейін.
Бірақ, жоспарға сай, ені ауқымды асфальтқа айналғанда шетте тұрған құрылыстың бәрі қиратылмақ.
Әкімдіктің бас жоспары бойынша, мына тұрған жер үйдің үстінен ені 30 метр жол түседі. Ол мына біз тұрған тастақ қара жолмен қиылысуы тиіс. Бұл жолдың да ені 15 метрге кеңеюі керек. Ал екі көшенің қиылысында тұрған мына әйдік үйдің екі жағы да қызыл сызықты басып тұр. Демек бұл үйдегілер де баспанасынан айрылады деген сөз.
Ақ жағалылардың айтуынша, бұл мәселеде бас қатыратын ештеңе жоқ. Тұрғындар шаруашылық мақсаттағы жерлерге үй тұрғызған.
Ермұхан Дәрішев, Қарасай аудандық сәулет-құрылыс бөлімінің бас маманы:
-2015 жылы осы мәселе көтеріліп, облыс әкіміне дейін жеткен еді. Содан облыс басшысы жоспарды түзетуге рұқсат берді. Ол уақытта 211 құрылыс нысаны заңсыз орналасқан болатын. Былтыр біз сол жоспарға өзгеріс енгізіп, қызыл сызықтағы үйлердің санын 126-ға дейін қысқарттық.
Ал тұрғындардың сөзіне сенсек, жапатармағай үй тұрғызып жатқанда жоғарыдан мыналарың заңсыз деп келген біреу болмапты. Қызыл сызықтағы 126 үйді түгел қирату мәселесі де тағы біразға созылайын деп тұр. Өйткені жергілікті басшылықтың батылы бармаған болу керек, түйткілді мәселенің шешімін тағы да облыс басшысына қалдырыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!