Шығыс Қазақстан облысындағы дүлей дауылдың шығыны есептеліп жатыр
Шығыс Қазақстан облысында үш бірдей аудан дүлей дауылдан зардап шекті. Мұнда кейбір ғимараттар мен баспаналардың шатырлары желмен бірге ұшып кеткен. Сондай-ақ, талдар құлап электр желілеріне де зақым келген. Соның салдарынан, Жарма ауданына қарасты төрт бірдей ауыл екінші күн жарықсыз отыр. Ал, жергілікті атқамінерлер зардап шеккен елді мекенде бағаналарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр дейді. Шығыстағы тілшіміз Ұлан Нұрахмет баяндайды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
18.07.2017
Жолындағының бәрін құрдымына жұтып келе жатқан мына ғаламат –Шығыс Қазақстан облысын дүрбелеңге салған долы жел. Жауар бұлттай төніп келіп, жан-жақты қараңғы түнекке ораған дауылды, тұрғындар алғашында неге баларын білмепті. Тек, жақындай келе жан-жақты жайпай бастағанда ғана үйіріліп соққан дауыл екенін аңғарған.
Өткен тəуілікте орын алған дүлей жел, мынандай үлкен талдардың өзін тамырымен қосып қопарып тастаған. Ал, қаңбақша ұшқан ағаштар баспаналардың төбесіне түсіпті. Енді, зардап шеккен тұрғындар өз күштерімен аулаларын ретке келтіріп əлек.
Солардың бірі Қалбатау ауылының тұрғыны – Марат Досанаманов. Оның айтуынша, жергілікті əкімшілікке қанша хабарласқанымен көмек қолын созатын жан таппаған. Сондықтан ол баспанасының шатырына түскен талды кестіру үшін адам жалдауына тура келіпті. Енді, үйіне қатты зақым келмегенімен, тамыры қаусап қалған екінші ағаш сынып, біреуді мертіктіреме деп алаңдайды.
Марат Досанаманов, Қалбатау ауылының тұрғыны:
-РЭС-тағылар кесе беріңдер дейді. Бірақ та, сымға түсіп біреудің теледидары бір нәрсесі жанса сіздер төлейсіздер деп отыр. Ал кісі өліп қалса кім жауап береді?
Жылдамдығы секундтына 30 метрге дейін жеткен желге, жаңадан жөнделген ғимараттардың шатырлары да шыдас бермеген. 2014 жылы ғана жасалған аудандық аурухананың төбе жабындылары жан-жақта шашылып жатыр. Ал мекемеге келген шығын да шаш етектен.
Мұрат Серлібаев, Жарма аудандық орталық ауруханасының техникалық қауіпсіздік инженері:
-Орталық аурухананың төбесін ұшырып әкетті. Мөлшері, 320 шаршы метр аумақ болады. Шығын шамамен 3 млн. теңге.
Қазіргі таңда Жарма ауданында дауылдан электр сымдары үзіліп, төрт бірдей елді мекен жарықсыз отыр. Жергілікті шенеуніктер болса, толық қашан жөнделіп бітерін айта алмайды. Әйтсе де, апат салдарын жоюға жұмысшылар тобы кірісіп кеткен.
Нұрлыбек Нұрғалиев, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:
-Жарықсыз бізде, Бірлік, Қаратөбе ауылдары. Қазіргі таңда, біртіндеп қосылып жатыр. Қосымша бізге, электр желісіне қосуға облыстында көмек көрсетілуде. Сондықтан барлығы қалыпты жағдайда.
Табиғаттың тосын мінезінен келген шығын көлемі қазіргі таңда есептелу үстінде. Кем-кетікті түгендеу үшін арнайы комиссия құрылған. Олардың мәліметінше, тал құлады деп көмек сұраған тұрғындардың саны артып барады. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелмеген екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!