Астанада 25 қабатты үйдің тұрғындары екі айдан бері лифтсіз отыр
Астанада 25 қабатты үйдің тұрғындары шу шығарып жатыр. Олардың айтуынша, лифтілері екі айдан бері жұмыс істемейді. Сондықтан мұндағы жұрт биіктегі пәтерлерінен жаяу түсіп-шығуға мәжбүр. Пәтер иелері кооперативі болса, жедел сатыларды әдейі тоқтатып тастаған екен.
Автор: Досжан Маратұлы
19.07.2017
Қарашаш апа 10-ыншы қабаттан жаяу түсіп, енді ғана ентігін басып отыр. Өйткені, 25 қабатты үйдің жедел сатысы екі айдан бері істемейді. Сондықтан 81 жастағы әже далаға шығу үшін 1 сағатта аптығып әрең түседі екен.
Қарашаш Жандыбаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Бір рет шығып, түсемін. Өйткені, нан алу керек. Ананы алу керек, мынаны алу керек. Сосын өзім отырып демаламын далада. Бір-екі сағаттан кейін шығамын қайта. Білмеймін, бұлай қалай күн көреміз? Қиын болды өте. Жылағым келеді кейде.
Жеделсаты істемеген соң, жылағысы келіп жүрген жалғыз Қарашаш апа емес. «Свечки» деп аталатын тұрғын үй кешенінде өзге де қариялар баршылық. Жарамсыз лифттің кесірінен көбі үйде амалсыз қамалып отыр. Таза ауамен тыныстаудан да қалған. Ал түсіп-шығуға шамасы жеткендер, денсаулығы үшін алаңдап, зорға жүр.
Осылай әуре-сарсаңға түскен тұрғындар барлығына үйдің күтіміне жауапты компанияны кінәлап отыр. Бірақ ондағылар лифтіні әдейі тоқтатып тастаған екен. Өйткені жеделсатының әбден тозығы жеткен. Сондықтан алда-жалда оқыс жағдай бола ма деп қауіптенген пәтер иелері кооперативінің басқа амалы қалмапты.
Қанат Тапанов, тұрғын үйді басқарушы компанияның директоры:
Жеделсаты 20 жылдан артық жұмыс істеген. Яғни пайдалану уақыты әлдеқашан аяқталған. Мұны тұрғындарға талай рет ескерттік. 4 мәрте жиналыс өткізіп, лифтіге күрделі жөндеу қажет екенін айттық. Бірақ ешқайсысы ақша жинағысы келмейді.
Осылайша жеделсатының істен шығып тұрғанына тұрғындардың өздерін кінәлаған басқарушы компания үйге су жаңа лифтілер қажет дейді. Оның құны 15 миллион теңгеден екен. Тіпті, жұртқа бөліп төлеуге де мүмкіндік жасалыпты. Бірақ мұны тұрғындар қымбатсынып отыр. Сондықтан әзірге үйге жаяу көтеріліп -түсуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!