Бірнеше ай жалақы ала алмай ашынған жұмысшылар әкім орынбасарының кабинетіне баса көктеп кірді
Астанада кезекті жалақы дауы! Бұл жолы Елорда көшелерін көркейтумен айналысқан фирманың жұмысшылары маңдай тер ақыларын талап етіп жатыр. Бас қаланың орталығындағы орындықтарды бояп, әрлеумен айналысқан жұмысшылар тіпті, әкімдікті сотқа берген. Ал шенеуніктер атқарылған жұмысқа көңілі толмағандықтан бір тиын да төлеуден бас тартып отыр екен. Тараптарды тілшіміз Досжан Маратұлы тыңдап келді.
Автор: Досжан Маратұлы
19.07.2017
«Нұрсад» компаниясының қызметкерлері күнде жұмысқа келгендей Алматы ауданы әкімдігінің алдын торуылдайды. Бірақ ол үшін ақша төлеп жатқан ешкім жоқ, жұмысшылар керісінше айлап жалақысын ала аламай жүр.
-Бір рет емес, осында үш рет келіп жатырмыз. Бәрінің бала-шағасы бар ғой. Кредиттері бар. Офиста отырып алып айта бермесін олай.
Ашынған жұмысшылардың айтуынша, компания әкімдіктің тапсырысымен жұмыс істепті. Яғни 100 миллион теңгенің тендерін ұтып алып, қаланы көркейтумен айналысқан. Көшедегі орындықтарды бояп, түрлі ұсақ-түйек жұмыстарды атқарған. Бұл үшін әкімдік алғашқыда ақша бергенімен, кейін соқыр тиын да төлемей қойды дейді жұмысшылар.
Еркебұлан Көшкінбаев, «Нұрсад» ЖШС директоры:
-Өткен жұмада төлейміз деп уәде берген. Бірақ, ақша әлі жоқ. Жұмысшылардан ұят болды. Жалақыларын төлей алмай жатырмын. Барлығы маған қайта-қайта келіп, «әкімдік берген ақша қайда?» деп сұрай береді. Бірақ әкімдік маған ештеңе берген жоқ.
Сол жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылардың бүгін төзімі таусылғандай. Олар әкімдікке баса-көктеп кірді.
Темір тосқауылдан емін-еркін еңкейіп өткендер бірден әкім орынбасарының кабинетінен бір-ақ шықты. Шенеунік болса, ақша төленбегенін мойындап отыр. Бірақ оның себебі бар. Яғни фирма жұмысты шала-шарпы атқарған. Сөйтіп, әкімдіктің көңілі толмаған соң, келісілген соманың жартысы ғана төленіпті.
Талғат Тілеуов, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
-Неге төлемей отырмыз? Өйткені, бюджет ақшасын, атқарылмаған жұмысқа қалай жұмсаймыз. Барлығы қалай болса солай істелген. Қазір серіктестіктің жұмысын тексерген мамандарды шақырайық. Шығарған қорытындысын айтып берсін. Фирманың істеген істерімен қоса құжаттары да дұрыс емес.
Компанияның салғырттығын айтқан әкімдіктегілер кейін, дәлел ретінде шала жұмысты шұқып көрсетті. Қаланың қақ ортасындағы орындықтардың түгелі дерлік дұрыс боялмаған.
Қазір мердігер мен әкімдік бір-бірін сотқа сүйреп жүр. Егер сот компания жұмысын салғырт атқарған деп тапса, ол лицензиясынан айырылып, қара тізімге енуі мүмкін. Онда фирма бұдан былай мемлекеттік сатып алуларға қатыспайтын болады. Ал жұмысшылар жалақысыз қалмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!